Мал басы көбейеді
Арқалықтағы болашағынан мол үміт күттірген ірі жобалардың бірі – 7 500 мың қара малға шақталған ауыл шаруашылығы кешеніне мал жеткізіле бастады. Жобаны жүзеге асыру барысында қала іргесіндегі Родина ауылдық округіне қарасты Айдар елді мекенінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бордақылау алаңдарының қазығы қағылды. Салынып жатқан мал шаруашылығы кешенінің көлемі 9 мың шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстары аяқталған жоқ. Биыл тек 500 ірі қараға арналған қора салынып, мал әкелінді.
«Бордақылау алаңына малдардың алғашқы легі әкелінді. Жылқы мен ірі қараларымыз бар, барлығы 208 бас малды бордақылауды бастап кеттік. Жеткізілгеніне екі аптадай ғана уақыт болса да, малдың күйі кіріп, жақсарып қалды. Қажетті жем-шөбіміз толық дайын. Осы жерде бордақыланған мал «Торғай – Ет» ЖШС ет комбинатына жіберіледі», – дейді «Арқалық-Айдар» ЖШС директоры Талғат Мәжитов.