Атқарылған жұмыстар аз емес

Әулиекөл ауданында жалпы сомасы 9,5 млрд теңгеге төрт ірі инвестжоба іске асырылуда, оның 2,9 млрд теңгесі ағымдағы жылы игерілді. Сондай-ақ, өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде де “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасын іске асыруға биыл ауданда жалпы сомасы 499 млн теңгеге алты жобаны іске асыру қарастырылған. Осы сияқты ауданда атқарылып жатқан ауқымды жобалар барысы туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Е.Теменов айтып берді.
брифинг аулиекол
Өңір басшысының сөзінше, биылғы жыл аудан халқы үшін, әсіресе жер емген диқандар үшін оңайға соққан жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егінді 3,4 центнерден жинап, жалпы қамбаға 70 мың тоннадан астам астық құйылды. Дегенмен, 11 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылық өнімінің өсу көрсеткіші 71,4 пайызды, мал шаруашылығы саласында 104,6 пайызды көрсетіп отыр. Бүгінде мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында ірі қараны асылдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мал басын қыстан аман алып шығу мақсатында 118,9 тонна шөп қоры жиналды, бұл жоспарланған 140 мың тоннаның 85 пайызы орындалды деген сөз.
-Биылғы қиындықтарға байланысты үкімет тарапынан да біраз көмектер көрсетіліп жатыр. Мәселен, егіс және егін жинау жұмыстарына (2 ЖШС, 4 ШҚ) алынған 96,5 млн теңге және 7,2 млн теңге соммасында техника сатып алуға берілген 6 несиенің мерзімін ұзартуға көмек көрсетті. Аналық мал басын сақтау мақсатында 62 шаруашылыққа 55 млн теңге көлемінде мал азығының құны субсидияланды. Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші тұрақты. Тұрғын үй құрылысы саласында жыл басынан 2527 шаршы метр жеке тұрғын үй іске қосылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,5 млрд теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 91,7 пайызды құрады. Аудан орталығында “Ар – Раиан” ЖШС өз қаражаты есебінен 138 млн теңге сомасына  жалпы аумағы 1150 шаршы метр болатын 18 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға берді. 2020 жылы осы серіктестік екінші тұрғын үйдің іргетасын салуды жоспарлап отыр, – дейді аудан әкімі Е.Теменов.
Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да жетіп артылады.  Бүгінде шағын бизнес саласында 1956 субъект тіркелсе, осы күні соның  1691-і, яғни 86,5 пайызы жұмыс істеп тұр. Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында жалпы сомасы 140 млн теңгеге үш жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету саласында төрт нысан пайдалануға беріліп, 24 жаңа жұмыс орны құрылды.  “Хасенов” ШҚ Көктал ауылында өз қаражаты есебінен 66 млн теңгеге астықты сақтау және тазалау нысанын салды. Ауданда жалпы сомасы 9,5 млрд теңгеге төрт ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Мұның сыртында өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасын іске асыруға биыл жалпы сомасы 499 млн теңгеге алты жобаны іске асыру қарастырылған. Конкурстық рәсімдерден пайда болған қаражатты үнемдеу есебінен Әулиекөл селосының 7 әлеуметтік саласының нысанына қосымша ағымдағы жөндеу және жолдардың шұңқырларына жөндеу жүргізілді. Ағымдағы жылы “Әулиекөл-Диев-Қосағал-Ақжол” облыстық маңызы бар автомобиль жолының 50 шақырымын орташа жөндеуге 782 млн теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар аяқталды.
-Аудандық маңызы бар 72-ші разъезд бен Новопавлов ауылына кіреберіс жолға орташа жөндеу жүргізуге 2020 жылға облыстық бюджеттен жалпы сомасы 941 млн теңге бөлініп отыр. Конкурстық рәсімдер өткізілді. Әулиекөл селосы мен Құсмұрын кентінің жылумен және сумен қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін “Құсмұрын ЖЭК” МКК МТБ нығайтуға 20 млн теңге және жылу желілерінің жөндеу жұмыстарын жүргізуге 10,6 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, ауданда жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын ұзындығы 123 шақырым газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жобаны іске асыру жұмыстары да жалғасуда. Келер жылы аудан халқының 41 пайызы көгілдір отынмен қамтылмақ. Биыл Аманқарағай селосын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатында құны 2,4 млрд теңгені құрайтын су құбырының құрылысы басталды. Жобаны іске асыру республикалық және облыстық бюджеттерден берілетін трансферттер есебінен үш жылдық кезеңге жоспарланған. Биылғы жылы 935 млн теңге игерілді. Новонежин ауылына су құбырын тарту бойынша құны 925 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленді, – дейді Ерлан Олжабайұлы.
Халықты жұмыспен қамту шаралары да жақсы жолға қойылған. Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 1826 адам қамтылып, 832 адам жұмысқа орналастырылған. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарда 138 адам оқытылса, соның ішінде 127 адам жұмысқа орналастырылды. “Бастау Бизнес” жобасы бойынша 320 адам оқуға жіберіліп, бүгінде соның 291-і оқуын аяқтады. “Жас Кәсіпкер” жобасы аясында да 60 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, оның ішінде 17 адам 200 АЕК дейін грант алды.  Ал, жеке кәсіпкерлерге жеке бизнесті ашу немесе кеңейту үшін 178,3 млн теңге сомасына 57 шағын несие берілген.

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓