Дінтанушыларға талап жоғары
Жоғары оқу орындарының бағдарламасына тарих және дін негіздері атты жаңа пән енгізіледі. Бұл туралы сәрсенбі күні Қостанай облысына іссапармен келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин журналистермен өткен брифингте мәлім етті.

Осылайша, Білім және ғылым министрлігі мен Дін істері комитеті бірлесіп дінтанудың негіздерін оқытудың сапасын көтермек. Сондай-ақ, аймақтардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуді жоспарлауда. Жиында Ғалым Шойкин жалпы еліміздегі Дін істері комитетінің атқарылған жұмыс қорытындыларымен де таныстырды. Өткен жылы елімізде «Е-islam» ақпараттық-ағартушылық интернет-ресурсы, Дін істері жөніндегі азаматтарға кеңес беру және ақпарат жинау орталығы ашылып, оның базасында тәулік бойы тегін жұмыс жасайтын «Қауырт желі-114» республикалық ақпараттық-кеңес орталығы қызмет көрсете бастады. 1,5 мың материалға діни сараптама жасалды.
Шұға Қоңқабай