“Халық алғысына” лайық жандар
Пандемия кезеңінде індетке қарсы күрестің алғы шебінде жүрген қостанайлық дәрігерлер мен полицейлердің, қолғанат-қамқоршыға айналған еріктілер мен меценаттардың, халықты ақпаратпен қамсыздандырған журналистердің еңбектері еленді. Бүгін олар ҚР Президентінің тапсырмасымен тағайындалған "Халық алғысы" медалімен марапатталды.
Ел басына төнген қатерді сейілтуге дәрігерлер мен тәртіп сақшыларының ғана емес, елгезек еріктілердің сіңірген еңбектері ерен. Мәселен, олар қиын кезеңде тұрмысы төмен отбасылардың мұқтажын түгендеп, қарттардың қамын жеді. Емханаларға тапшы препараттар мен оттегі баллондарын тасыды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен банктердің қызметіне демеу беріп, адамдардың шоғырланбауын қадағалады. Блок-бекеттердегі дәрігерлер мен полицейлерге тамақ тасыған да осы волонтерлер.
"Пандемия басталғалы облыстағы барлық Үкіметтік емес ұйым, әрқайсысының әртүрлі миссиялары бола түра, ортақ мүдде аясында бас біріктірді. Еріктілерді жұмылдырып, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға, зейнеткерлерге үздіксіз көмек көрсетті, жұмыстар әлі де жалғасуда, – деп баяндады Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Динара Өтебаева.
Оның мәліметінше, еріктілер жасағы көтемнен күзге дейін Қостанайдағы 5 емханаға қажетті дәрі-дәрмек апаруға көмектескен, сондай-ақ локдаун кездерінде автоволонтерлер жұмысқа шығыпты. Жаз айларында жалпы сомасы 4 млн теңгенің оттегі концентраттарын тиеп-түсіруді де волонтерлер міндетіне алыпты.
"Бұл – бүкіл әлемнің иығына түскен ауырпалық. Қаншама адамның осы кесел кесірінен көз жұмғанын ойлаудың өзі қабырғаға батады. Дегенмен, сіздердей жомарт жүректі жандардың демеуінсіз жағдай әлдеқайда күрделі болар ма еді? Сіздер, еріктілер, қалжыраған халыққа қаншама көмек бердіңіздер. Кім біледі, көптеген өмірді құтқарып қалған боларсыздар. Бұл – ұмытылмас уақыт, сіздердің де ерен еңбектеріңіз тарихқа енеді, кейінгі ұрпаққа үлгі болады. Сондықтан бүгінгі лайықты марапаттарыңызбен құттықтаймын", – деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова.
Сонымен, Мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалған "Халық алғысы" медалін Қостанай облысынан 127 адам иеленіп отыр. Жіктей айтқанда, 40 дәрігер, 25 полицей, әлеуметтік саланың 21 қызметкері, 9 ҮЕҰ басшысы, 7 меценат, 2 журналист, 2 мемлекеттік қызметші және 1 мәдениет қызметкері төсбелгі тақты.
Прзеиденттің қолы қойылған марапатқа лайық деп танылған белсенділердің бірі – "Жас Атамекен" ұйымының жетекшісі Зарина Көкжанова бұл марапатты командалық жұмыстың жемісі деп біледі.
"Осы жемісімізбен "Жас Атамекен" ұжымын құттықтап, алғыс айтқым келеді. Өйткені жаз бойы атқарылған орасан зор еңбек маған ғана тиесілі емес. Мен, бар болғаны, еріктілерді бірлікті іске білек сыбана кірісуге шақырдым. Бұған түрткі болған жағдай әкемнің осы індетпен науқастанып қалуы еді. Қаншама жанның осындай қиындыққа тап болғанын ойлап, жүрегім ауырды. Сондықтан құр қарап жата алмадым. Бұл беделді марапат бізге одан сайын серпін бере түсері сөзсіз", – дейді Зарина.
Айта кетейік, "Халық алғысы" медалі 2020 жылы 8 маусымда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен бекітілген еді.