Ауданның дамуы тұрақты
Ағымдағы жылдың 11 айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, Әулиекөл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және инвестициялар өндірісінің көлемін қамтитын өнім көлемі 41,5 млрд теңгені немесе 127 пайызды құрады. Бұл туралы, жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері жайлы бүгін аудан әкімі Ерлан Теменов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
“Дамыған ауыл шаруашылығынсыз бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес” деп мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткен-ді. Әулиекөл ауданында да биыл ауыл шаруашылығы саласында біраз жетістіктерге қол жеткізілді. Әсіресе, ірі қара малдың 4,8%-ға, жылқының 5,3%-ға, қойдың 0,1%-ға, ешкінің 1%-ға, шошқаның 0,1%-ға, құстың 0,1%-ға өскендігі байқалады. Сондай-ақ, ауданда сүт өндіру көлемі 100,8%-ға, жұмыртқа өндіру 100,5% -ға артқан.
– Мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында ірі қара малды тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілуде. 18 622 бас ІҚМ аналық басының жалпы санынан тұқымдық түрлендіруге 3 826 бас ІҚМ қатысады, қатысу үлесі 20,5%-ды құрайды. Ауданда ірі қара малдың Әулиекөл тұқымын өсірумен 7 шаруашылық айналысады, олардың саны 7 640 басты құрайды. Жыл басынан бес шаруашылықпен 1 457 бас асыл тұқымды төл сатылды, – дейді Ерлан Теменов.
Өнеркәсіп саласында екі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысы саласында да жыл басынан бері 4223 ш.м. жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 3 млрд теңгеге орындалды. Жалпы, аудан экономикасына 6 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, оның ішінде бюджеттік инвестициялар 44 пайызды құрап отыр. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде дәнді, дәнді-бұршақты дақылдарды өсіруге және жылқы өсіруге арналған сегіз жоба бойынша жалпы сомасы 108 млн теңгеге заем берілсе, “Бизнестің жол картасы 2025” бағдарламасы бойынша тауарлық бетон өндіруге 32 млн теңге сомасында және жүк тиегішті сатып алуға 14 млн теңге сомасында 2 заем берілді.
Қазіргі қиын жағдайға қарамастан ауданда тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары да жүйелі жүргізілуде. Жыл басынан жұмыспен қамту шараларымен 1513 адам қамтылып, жоспар артығымен орындалған. 801 адам жұмысқа орналастырылса, 18 адам бағдарламаның бірінші бағыты аясында кәсіптік оқуды тәмамдайды. Ал, “Бастау Бизнес” жобасы бойынша 85 адам оқуды аяқтады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 11 млн теңге көлемінде 20 грант берілген. Жеке кәсіпкерлерге өз бизнесін ашу немесе кеңейту үшін 177 млн теңге сомасына 46 микрокредит берілді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 27 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылса, жастар тәжірибесіне 25 жас маман жолданды, ал қоғамдық жұмыстарға 218 жұмыссыз азамат жұмылдырылды.
Өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау аясында да біраз жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жыл басынан бері 399 отбасына (1773 адам) 117 млн теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек төленді. Жалпы сомасы 21 млн теңгеге 1 жастан 6 жасқа дейінгі 441 бала азық-түлік және гигиеналық жиынтықтармен қамтамасыз етілді.