Демалыс күнгі рейд: 9 тұлға тұтылды
Қостанай облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мониторингтік топтың 5-6 желтоқсандағы жұмысының қорытындысын жариялады.Карантин күшейтілген кезден бастап аймақта 91 мониторингтік жедел топ жұмыс істеуде. Оның құрамында қала-аудан әкімдіктерінің, "Атамекен" ҰКП, жергілікті полиция қызметінің, БАҚ өкілдері бар. Олар бірлесіп, үздіксіз рейдтік тексерістер жүргізуде.
Өткен демалыс күндері, яғни 5-6 желтоқсанда 436 нысан тексеріліп, оның 9-ның карантин және эпидемия талаптарын бұзғаны анықталды. Мәселен, Қостанай қаласындағы "Ладога" кафесі жұмыс режимінің шектелуіне қарамастан, демалыс күндері келушілерді қабылдаған.
Жангелдин ауданының Шеген ауылында, көпшілік жиындарға тыйым салынғанына қарамастан, ас берілген. Дәл осы ауданға қарасты Көкалат ауылының тұрғыны 70 жасқа толған мерейтойын 30 адам шақырып атап өткен.
Қостанай ауданының Мичурин ауылындағы "Көктем" саяжай қоғамында шамамен сағат 21.30-да моншаның 8 адамды қабылдап жатқаны, сондай-ақ осы ауданда "Море пиво" дүкенінде сатушының арнайы қолғапсыз жұмыс істеп жүргені әшкере болды.
Денисов ауданындағы "1000 мелочей", "Ақ жол" дүкендерінің сатушылары медициналық масканы иегіне түсіріп жүріп қызмет көрсеткен.
Барлық ереже бұзу материалдары әкімшілік шара қолдану үшін тыңғылықты қаралу үстінде.
Жалпы, 6 қараша мен 7 желтоқтан аралығындағы рейд іс-шараларында 10619 нысан тексеріліп, 1448 тәртіп бұзушыға жалпы сомасы 54 млн теңге болатын 897 айыппұл салынған.
Мониторингтік топ түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жалғастыруда. Нысандардың және заңды тұлғалардың профилактикалық, эпидеияға қарсы және карантиндік шараларды ұстануы қатаң бақылауға алынып отыр.
Сурет интернеттен алынды