Өртеніп кетті – өзгесін алды
Науырзым тұрғыны су жаңа қалпында өртеніп кеткен көліктің орнына "Тарлан Авто" ЖШС-нен басқа темір тұлпар алатын болды.
Өткен жылдың сәуір айында Науырзым ауданының Шилі ауылы тұрғыны аталған компаниядан сатып алған Renault Duster маркалы жаңа автокөлігі айға жетпей гаражында өртеніп кеткен еді. Мамандардың сараптауынша, оған аккумулятордың ақауы себеп болған. Әйткенмен автосалон қызметкерлері бұл тұжырыммен келісуден бас тартты, сондықтан жапа шегуші өз құқығын қорғауға көшіп, сотқа жүгінген.
Қостанай қалалық соты қос тарапқа да текетіреске түспей, келіспеушілікті медиация арқылы реттеуге кеңес берді. Нәтижесінде шағымданушы мен жауапкер ымыраға келіп, медиациялық келісімді бекітті. Жәбірленуші берген арызынан толықтай бас тартып, автосалон оған 2017 жылы шығарылған Ravon Nexia R3 маркалы көлігін меншігі ретінде ақысыз беруге міндеттелді. Осылайша, азаматтық іс тоқтатылды.