Қазандық құрылысы қарқынды
Арқалық қаласы биыл соңғы рет мазутпен жылытылып жатыр. Алдағы 2021-2022 жылыту маусымында көмірмен жұмыс істейтін жаңа қазандық іске қосылмақ. Қазіргі уақытта құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
«Арқалық қаласының жылу жүйесін қайта жаңғырту – 2030» – мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жоба. Құрылыс мердігері – алматылық «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС. Жоба құны – 7 млрд 444 млн теңге. Қазіргі таңда аталған соманың жартысына жуығы игеріліп, құрылыс жұмыстарының 50%-і аяқталып аяқталған. Жоба бойынша 162 адам жұмыспен қамтылды. Оның жартысына жуығы – жергілікті тұрғындар. Одан бөлек, 20 арнайы техника жұмыс атқаруда.
"Қазандық құрылысы әлі жалғасып жатыр. Қыста да атқарылатын жұмыстар бар",-дейді қалалық Тұрғын үй құрылысы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ернұр Бақтемірұлы.
Жалпы, қала 2020-2021 жылыту маусымын 6 мың 440 тонна мазут қорымен бастаған болатын. Қалаға сұйық отын жеткізу жалғасады. Барлық жылыту кезеңіне шамамен 22 мың тонна мазут қажет.
Мұрат Жүнісұлы