Кедергісіз келешек
Дәл осындай атаумен Қостанайда республикалық акция өтті. Рейдке қатысушылар қаладағы №4 емхана, «Витамин», «Джаконда» және «Садовод» дүкендерінде болып, нысандардағы мүгедектерге қызмет көрсетудің сапасына куә болды.
Акцияға облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері жөніндегі кеңесшісі А.Дабылов және облыстық әлеуметтік қорғау департаменті мен «Нұр Отан» партиясы ҚОФ-ның өкілдері қатысты. Олар қаладағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, мүгедектер мүмкіндігі қаншалықты ескерілгендігіне көз жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, мұндай рейд әр айдың алғашқы сейсенбісінде тұрақты өтіп тұрмақ.
-№4 емханада арбадағы мүгедек науқастар үшін қолайлы жағдай жасалыпты. Ғимараттың кіре берісінде арнайы белгілер мен пандус бар. Ал ішінде лифт жұмыс істеп тұр. Емханада арбамен еркін қозғала аласыз. «Витамин», «Джаконда» және «Садовод» дүкендеріне де мүгедектер еркін кіріп-шығады-деді облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері жөніндегі кеңесшісі Аслан Дабылов.
Қымбат Досжанова