Театр күні: «Темірқазық» марапаты

Әлем тарихында алғашқы сахналық қойылымдар осыдан үш мың жылдан астам бұрын көрерменге жол тартқан екен. Ал өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ даласында өнер ордасының тұңғыш қазығы қағылды. Оның басында қасиетті Қостанай топырағынан шыққан сахна саңлақтарының тұрғаны анық. Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин, өнердің алдаспандары Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұловтар – театр-кино саласының тұңғыштары. Олардың ізін жалғаған, жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген Әнуар Боранбаевтың есімі туған халқының мәңгі жүрегінде. Ал ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін өрге сүйреген бірегей тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровты білмейтін жан жоқ. Міне, соңына мол мұрасы мен мыңдаған шәкірт қалдырған осы бір шоғырды «Темірқазық» деп атағанымыз артық емес.
Бүгін Халықаралық театр күні. Ілекең атындағы өнер қарашаңырағында дүбірлі той. Барша сахна ұжымы, көрерменмен қатар, Нұр-Сұлтан қаласынан қадірлі меймандар бар. Қ.Қуанышбаев атындағы  Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр және кино актері Қуандық Қыстықбаев пен аталған өнер ордасының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театр сыншысы Мирас Әбіл арнайы келіп отыр. Бұған қоса, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың атынан арнайы құттықтау хат жетіпті.
– Бүгінгі мереке қарсаңында театр директоры Әлімхан Мырзахан әріптес-досымыздың шақыруымен өз ұжымымымызды тастап, сіздердің орталарыңызға келіп тұрмыз. Расымен де өнер ордасында тың жаңалықтар мен қайран қаларлық өзгерістер көп екен. Сіздер көп дүние аларлық іс атқарыпсыздар, – деді құттықтау сөзінде Қуандық Қыстықбаев.
Және мәдениет ордасына Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов жайында жазылған жаңа естелік альманахты табыс етті. Есесіне, қонақтарға Ілекең театрының арнайы сағаты мен 20 жылдыққа арнап шығарылған кітабы сыйға тартылды. 
Ілекең театрының алтын діңгектері – Қайыпберген мен Шахарбанум Есенғұловтар, Қонысбек пен Зәмзәгүл Бегайдаровтар, Қабдол-Мәжит Иманов пен Ақдәмен Досанова, Шара Мүсілова, Мейрам Жапаровтарға айрықша құрмет. Аға буынға Ілияс Омаров өнер ордасының логотипі бейнеленген күміс төсбелгі сыйға тартылды. Оны мәдениет ошағының басшылығы елордадан арнайы тапсырыспен алдырған екен.   
Жаңа жыл қарсаңында театр қызметкерінің ойын баласы Аяз атаға хат жазып, анасының әлі күнге кнопкалы телефон қолданып жүргенін, оған заманауи байланыс құралын сыйласа деп өтініш білдіріпті. Кішкентай Әдияның осы хатынан кейін өнер ұжымының жігіттері қаржы жинап, әріптесі Айгүл Нұрмағанбетоваға смартфон сатып алған екен, бүгін мереке қарсаңында Айгүлге осы тосынсый табыс етілді.
Ал студент күнінен бері 15 жыл бойы тұрақты көрермен болып келе жатқан Арай Ысмағұловаға келер жылдың 27 наурызына дейін қойылымдарды тегін тамашалайтын билет берілді. Арайдың бір жыл бойғы тұрақты орны – 5-ші қатардың 16-шы орындығы.
Бір жыл ішінде Ілекең театрында 8 премьера өтті. Енді соның жемісі әрі басты жаңалық – биыл төл мерекеге орай үздік актерлер мен қызметкерлерге тұңғыш рет «Темірқазық-2021» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Бұл марапат 7 аталымнан тұрады.
Номинация жеңімпаздары:
«Жас толқын» аталымы – Елдос Төлеген

«Үміт»  аталымы – Ақбота Ықыласова

«Ең үздік ер адам бейнесі» аталымы – Азамат Чукеев
«Ең үздік әйел бейнесі» аталымы – Диана Тұрсынова
«Көрермен көзайымы» аталымы – Олжас Бегайдаров
«Үздік шығармашылық қызметкер» аталымы – Дос Құбаш (Дос шараға қатыспағандықтан, марапатты Мөлдір Құбаш алып тұр)
«Үздік техникалық қызметкер» аталымы – Жандос Файзуллин
Ал балаларға арнап бірқатар туынды жазып келе жатқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов «Үздік қойылым авторы» дипломы табысталды.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓