Үздік жүздік қатарында – 7 студент
2020 жылы 27 қараша күні онлайн режимде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың қатысуымен «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Рәсімге облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова, жұмыс берушілер, ТжКБ бөлімдерінің басшылары, колледж директорлары мен студенттері қатысты. Салтанатты жиында З.Байменова жоба жеңімпаздарын құттықтады.
«Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық жобасының жеңімпаздары арасында біздің өңіріміздің 7 студенті бар. Олар: Қостанай политехникалық жоғары колледжінен Санат Түсенов, КИнЭУ кәсіпкерлік колледжінің студенттері Руслан Сәлімов және Наталья Коваленко, Қостанай құрылыс колледжінің студенті Денис Тесленко, Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары экономикалық колледжінің студенті Жанар Нұранова. Жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым министрінің атынан алғыс хаттармен, «Топ-100 студент» арнайы төсбелгісімен марапатталды. Үздік шәкірттердің мойындарына шарфтар тағылып, қолдарына планшеттер тапсырылды. Ал екі жеңімпаз – Қостанай жоғары политехникалық колледжінің студенті Валентина Гетманчук және Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің студенті Николай Лагода пандемияға байланысты тұрғылықты жері бойынша лайықты марапатқа ие болады. Мұның сыртында Н.Лагодаға «Виоарэ» шаруа қожалығында жұмысқа тұруға жолдама беріледі.
– Колледж әкімшілігіне және маған өмірде әрдайым көмектесетін оқытушыларыма алғыс айтқым келеді. Олар біздің мамандыққа қажетті білімді ғана емес, сонымен қатар өмір бойы бізбен бірге жүретін білімді, адалдықты, мақсаттылық пен жауапкершілікті де береді. Колледжді бітіргеннен кейін өз мамандығым бойынша жұмыс істеу құрметіне «Виоарэ» шаруа қожалығының басшысы Денис Викторовичке үлкен алғысымды білдіргім келеді, – дейді жоба қатысушысы Николай Лагода.
–Жобаға қатыса отырып, мен мемлекетіміз қазіргі жастар үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын түсіндім. Байқаудың өзі менің өмірімдегі ең жарқын сәт десем, артық айтқандық емес. Дауыс беру кезінде маған жанашырлық танытқан жақын туған-туыстарыма, дос-жарандарыма алғыс айтқым келеді, – дейді Қостанай политехникалық жоғары колледжінің студенті Санат Түсенов.
Жоба жүлдегерлерінің қатарына Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары экономикалық колледжінің 0513000 «Маркетинг» мамандығы бойынша М-210 тобының үздік студенті Жанар Нұранова да бар. Қазіргі уақытта ол топ жетекшісі, колледждің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, Қостанай қаласы Жастар мәслихатының депутаты, сонымен қатар колледж деңгейінде өткізілетін әр іс-шараға қалалық деңгейде де, облыстық деңгейде де белсенді қатысады.
Айта кету керек, Қостанай облысынан республикалық жобаға 18 колледжден 23 студент қатысып, 5 колледждің 7 студенті жеңімпаз атанып отыр. «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасын еліміздің Білім және ғылым министрлігі алғаш рет өткен жылы өткізді. Сол жылы бұл жобаға біздің өңірден 7 студент қатысып, екеуі ТжКБ-ның 100 үздік студенттерінің тізіміне енген болатын.