Жыл аяғында жаңа цемент зауыты іске қосылады

Облыс әкімі Н. Садуақасов жұмыс барысымен Рудный қаласында болып, әлеуметтік нысандарды аралады.
IMG_0327Рудный қаласының маңындағы Жданов селолық округінде жылына 500 мың тонна цемент шығаратын ірі зауыт салынып жатыр. Бүгінде зауыттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл еліміздегі ірі инвестициялық жобалардың бірі болып саналады. Жоғары технологиялы  зауыт  осы жыл аяғында іске қосылады деп күтілуде. Қажетті құрал-жабдықтар толығымен жеткізілген. Оларды құрап, орнату жұмыстарына қытайлық мамандар тартылған. Бұл  зауыт  іске қосылса көпшілікке себі тиетіні белгілі. Кәсіпорын  цементпен тек Тобыл өңірін ғана емес,  Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарын қамтамасыз етуге қауқарлы. Бастысы, құрал-жабдықтардың энергия үнемділігіне және сапалығына аса мән беріліп отыр. Жаңа  цемент   зауытының іргетасы осыдан екі жыл бұрын бастау алған еді. Биыл сәтін салса, желтоқсан айында алғашқы өнімін шығара бастайды. Мұндағылар  өнімге сұраныс болатынына сенімді. Ал темір жол салу бойынша қиындықтар туындамаса екен дейді. Бұл мәселе облыс әкімінің назарында болмақ.
Қытымыр қысқа әзірлік қазірден басталды. “Рудный ЖЭО” АҚ “ССКӨБ” АҚ меншігіне берілген. 2007-2008 жылдары мұнда жылу беру қазандықтарын қайта жаңғырту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Ал кейін алтыншы блок іске қосылды. Бүгінде алты қазандықтың екеуінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Н. Садуақасов: “Жаз айларында жолдар жабылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл қала тұрғындары үшін қолайсыздық тудыруы мүмкін. Бірақ бұған түсіністікпен қараған жөн. Оның есесіне қыста ештеңеден қысылмай, жылы үйде отыратын боламыз” дей кетті.
Сонымен қатар кеншілер қаласындағы жаңашылдықтың бірі – «ҚазШинСервис» ЖШС-де атқарылып жатқан игі іс. Серіктестік автомобиль доңғалақтарын қайта істеу және қалпына келтіретін  зауыт салынуда. Жобаның құны 150 млн. теңге. ЖШС басшысы Ф. Асқаров адамдар қолданыстан шыққан доңғалақтарды өздері әкеліп тапсыратынын айтты. Қайта өңдеудің арқасында айына 30-50 тонна қиыршық өндіріліп, мыңға жуық доңғалақтар қайта қалпына келеді. Сапасы да жақсы. Австриялық компания шығаратын өнімнен еш кем түспейді.
Қала тұрғындарын қуантқан тағы бір жағдай –  орталықтағы ескі монша жаңартылып, “Достық” саябағы жаңа кейіпке енген. Саябақтың іші бұрындары демалып, серуендеуге қолайсыз болатын. Енді тіптен өзгерген. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 364 млн. теңге бөлінген.
 
 
Айтолқын Айқадамова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓