Шекемтас партиясы шекара аспақ
Карантиндік шараларға қарамастан «ССКӨБ» АҚ жоспарланған өндірістік көрсеткіштерді толығымен атқарып келеді. Мәселен, үстіміздегі 10 айда кен алыбы Қазақстан, Ресей мен Қытайдағы серіктестеріне 11,5 млн тонна темір кені шикізатын жөнелтті. Соның ішінде, Аспан асты елі қаңтар-қазан айларында 4,1 млн тонна өнімді қабылдап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге артық. Жақында рудныйлық кеншілер «ҚТЖ-жүк тасымалы» және «Қытай темір жолдары» компаниясының өкілдерімен бейне-конференцияда жүздесті. Жиында Қытайдағы Баган металлургия зауытына темір кені тасымалын арттыру және ыңғайлы логистика үшін жүк вагондарының дөңгелек жұптарын қайта жасақтау мәселелері талқыланды. Келісім бойынша желтоқсанда дөңгелегі өзгертілген вагондармен шекемтастың сынамалы партиясы Достық стансасы арқылы шекара аспақ. Барлығы ойдағыдай жүзеге асса, кәсіпорын қытайлық әріптестеріне жыл сайын 5 млн тонна және одан да артық тауарлық өнімді жеткізетін болады.