Əкеге деген сағыныш хаты
Бөлме кезіп, жүргенде жəй ырғалып,
"Жазыласыз" – деп біздер пайымдадық.
Əкетайым, Сіз сонда жүріпсіз-ау,
Өмірге емес, өлімге дайындалып…
Автор.
Əке, жанəке, əкешім, естеймісіз? Өзіңізсіз тұп-тура 10 жыл өмір өтіпті ғой. Мен ес білгелі жаныңыздан бір елі қалмаушы едім. Өзіңізсіз өмір қиын екен. Тым қиын…
Бірақ, тірі адам тіршілігін жасайды. Сіздің арманыңызды жалғау үшін бір Алладан күні-түні тілек тілеп келемін.
Иә, Сіз барда қадіріңізді білмеппін-ау. Бала болдым, ойынға құмар едім. Үйдің маңынан ұзап кетсем іздеп келуш іедіңіз. Қараңғы түссе, үйге жетектеп қайтатынсыз. Күн боранда мектепке бірге барып, алып кететінсіз. Студент шағымда да қалаға автобусқа шығарып салғанда, ұзап кеткенше ұзақ қарап тұрушы едіңіз. Бәлкім, сол кезде сезіп жүрдіңіз бе екен? Өйткені, үнемі қимастықпен шығарып салушы едіңіз ғой. Бір апта өтпей жатып, шақырып алушы едіңіз үйге. Ол кезде оны қайдан түсінейін? Қазір қарап отырсам, оның бəрі балаға деген махаббатыңыз, əкелік қамқорлығыңыз екен ғой. Тіпті, дүние салардан екі-үш күн бұрын хабарласқаныңыз əлі есімде. "Балам, қарның аш емес пе, тоңып жүрген жоқсың ба, ақшаң бар ма? – деп айтқаныңыз. Сонда ауруыңыз дендеп, өзіңіз хəл үстінде жатсаңызда сыртта жүрген балаңызды ойлап, алаңдаушы едіңіз, əке.
Қайтар күні де (2010 жылғы 21 қарашада) таңертең қоңырау шалып, менің жағдайымды сұрадыңыз. Ал, өзіңіз "бəрі жақсы" дедіңіз. Бірақ, бірдеңені сезгендей, сол кезде тұла-бойым шымырлап, қос аяғым ауырлап кетті… Сəлден соң үйдегілер звондап, Сіздің ауырып қалғаныңызды айтып, келуімді өтінді. Ал, ауылға барғанда, Сіздің бақилыққа аттанып кеткеніңізді естідім…
Маған бірдеңе айтқыңыз келді ме екен, əке? Бірақ, соңғы сөйлескенімізде: "Бəрі жақсы, мен жазылып келемін, əкең мықты адам ғой" – деп едіңіз ғой, әке!
… Бірақ, мұның бəрі кенже балаңызға жағдайыңыздың нашарлап жатқанын айтпай, қайта мені жігерлендіріп, менің қамымды ойлапсыз ғой. "Балам, білім қуып қалада, оқуда жүрген адам, уайымдайды, оқуың оқи алмай қалады, сессиясын тапсыруы керек" – депсіз. Жаныңыз қиналып жатса да, менің жағдайымды ойлап жатыпсыз ғой, жарықтық…
Енді, міне, балаңыз да есейді. Əке, естимісіз? Бүгінде балаңыз отбасын құрды. Балалы болды. Сіз үйреткен тəрбиенің арқасында, Сіз салып кеткен сара жолмен жүріп келеді. Сіз кезінде анамыз екеуіңізбізді, 5 баланы асырап, жеткіздіңіз. Білім алып бердіңіз. Бірақ, қызығымызды көре алмай кеттіңіз-ау. Барға қанағат, жоққа сабыр етуді Сізден үйрендім. Қазір қарап отырсам, бұл үлкен тəрбие екен ғой. Өз балаларымның маңдайынан сыйпағанда, өзіңіздің маңдайымнан сыйпағаныңыз есіме түседі. Арқамнан қағып, балам деп мейірленгеніңіз көз алдыма келеді. Сол сүйіспеншілігіңіз əлі күнге күш-қуат береді.
Кейде немерлеріңіз: "Атамыз қайда?" – деп төтеден сұрап қалғанда, жауап таппай тосыламын. Олар, кішкентай, əлі ештеңені түсінбейді ғой. Тіпті, менің өзім оң мен солымды танысамда, бірден не дерімді білмей, қиналып қаламын. Сондай кездері Сіз қасымызда, немерелеріңіз «ата» деп жүргенде ғой деп те армандаймын, терең ойға батамын. Өзім əке болсам да, əкелік мейіріміңізді əлі күнге аңсаймын… Сағынамын!
Тіпті, "Əке" деп те айтқым келеді. Бірақ, амал қанша? Маңдайға жазғанға көнеміз ғой. Тек қолымыздан келері дұға жасау ғана…
Жан əке, өзіңізге Жаратқаннан жəннатты нəсіп етуін тілейміз!
Еске алушы – кенже балаңыз Руслан ӘЛКЕЕВ