Кәсібін кеңейтті
Қарасу ауданына қарасты Павлов ауылында тұратын Медаровтар отбасы мемлекет қолдауымен бизнесін кеңейтуде.2015 жылы Закраил Медаров «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы 800 мың теңге жеңілдетілген несие алды. Оған 30 бас қой сатып алып, сол жылы ғана құрылған шаруашылығына жаңа тыныс бергендей болды.
Оның басты көмекшілері – бес баласы. Жұбайы да шет қалмайды. Бүгінде шаруашылықта жүз бас қой бар. Кәсіпкер болашақта мал басын бес жүзден асырсам дейді.
– Мал басын көбейту және тұқымын жақсарту үшін 70 мың теңгеден үш қой сатып алдым. Келесі жылы жүзге жуық төл аламын деп отырмын, – дейді Закраил Медаров.
Жақсы нәтиже көрсетіп, несиесін мерзімінен бұрын өтегеннен кейін кәсіпкерге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысуды ұсынып отыр. Бұл мал басын тағы жүз басқа арттыруға мүмкіндік береді.