“Беларуссиямен ынтымақтастықты арттыру керек”
Қостанай облысы көршілес Ресей Федерациясының кейбір өңірлерімен шектеседі. Екі елдің шекаралас аймақтары арасындағы сыртқы сауда айналымы жыл сайын өсіп, өркендеуде. Кедендік Одақтың құрылуы да қос мемлекеттің өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуіне жол ашып отыр.

Қостанайлық бірқатар кәсіпорындар ресейлік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олардың қатарында "ССКӨБ" АҚ, "Костанайские минералы", "Агротехмаш" АҚ, "Большевичка" тігін фабрикасы, "Баян сұлу" кондитерлік фабрикасы бар.
Аталған кәсіпорындар Челябі, Магнитогорск, Екатеринбург, Омск, Барнаул қалаларындағы зауыттармен әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мәселен, "ССКӨБ" АҚ темір кенін Магнитогорск пен Челябідегі металлургиялық комбинатқа жібереді. "Баян сұлудың" тәттілері Челябі облысына, "Большевичканың" өнімдері Мәскеу, Челябі облыстары мен Санкт-Петербург қаласына жіберіледі.
– Биыл Қостанайға Қорған облысы әкімшілігінің жұмыс тобы келді. Біздің делегация Челябі қаласына барды. Сондай-ақ кәсіпкерлер Түмен, Новосібір қалаларында кездесулер өткізді. Осынау жұмыстардың нәтижесінде өзара ынтымақтастық жөнінде он бір келісім-шарт жасалып, қол қойылды,– деді облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаев.
Қостанай облысының мал шаруашылық өнімдерін экспорттауға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Елбасы облысымызға жұмыс сапары барысында айтқан болатын. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы биылғы жылдың 1 қазанында Ресейдің белгіленген облыстарына 297,8 тонна ірі қара етін экспорттады.
– Ресеймен арадағы сауда байланысы жаман емес. Кедендік Одақ аясында Беларуссиямен ынтымақтастықты арттыру керек. Себебі, онда машина жасау, өндірістік сала жақсы дамыған. Атал-ған мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынас-тарды дамыта отырып, ел экономикасының өсуіне қолжеткіземіз,– деді облыс әкімі Н.Садуақасов. Өңір басшысы өз сөзінде облысымыздың Ресеймен шекарасындағы "Қайрақ" кедендік бекеті қызметінде кемшіліктердің бар екендігін ескертті.
Қымбат
ДОСЖАНОВА