Тәуелсіздік күніне тарту жасамақ
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні рудныйлық Евгений Красновский салмағы 400 келі болатын зілтемірді көтеремін деп отыр. Жаңа әлемдік рекорд орнатқан исландиялық Хафтор Бьернссонның өнеріне таңдай қағып, шабыттанған «strongman» Қазақстанның рекордсмені атанғысы келеді.Алпауыт күштің иесі Евгений Красновскийдің есімі спортшыларға жақсы таныс. Пауэрлифтинг, экстремалды спорт түрлерімен көп жылдан бері айналысып жүр.
Бүгінде ол Қазақстанның жаңа рекордына қызу дайындалып жатыр. Әзірге жаттығу бағдарламасын жасауда ешқандай кедергі жоқ екенін айтады спортшы. Алаңсыз жаттығу үшін «Горняк» спорт кешені оған тренажер залын беріп отыр. Болашақ рекордсменді достары мен әріптестері де қызу қолдап, демеуші тауып берген.
– Маған үміт артып, қолдау білдірген жандарға рахмет! Өзім де бәрі ойдағыдай болатынына сенемін! – дейді спортшы Евгений Красновский.