“Тобыл” “Ордабасымен” тең ойнады
Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төреші Болат Қарлыбаевтың ысқырығы естілісімен алаң иелері жылдам гол соғып алуға көшті. Әсіресе, Джаба Канкава, Максим Федин, Аслан Дарабаевтардың соққылары «Ордабасы» қақпашысын іске қосуға мәжбүрледі. Бірінші таймның ортасына таман Виктор Дмитренко қостанайлықтарды алға шығаратын мүмкіндікті мүлт жіберді. Мұнан соң шымкенттіктер А.Диакате мен Ж.Молдақараев белсенді болды. Бірақ, олардың тепкен доптарын «Тобыл» қақпашысы Дмитро Непогодов кері қайтарып жіберді.
«Тобыл» екінші таймда есеп ашты. Ника Квеквескиридің пасынан соң Аслан Дарабаев допты қақпаға баспен кіргізді. Таблодағы есеп – 1:0! Өз кезегінде Шымкент футболшылары есепті жылдам теңестіруге тырысты. Бұл қадам нәтижелі болды. Көп ұзамай Неманья Коич таразы басын теңестірді. Осы есеп матч аяғына дейін сақталды. «Тобыл» турнир кестесінде үшінші орында. Ал «Ордабасы» қостанайлықтарды өкшелеп жетіп алды.