А.Перуашев: “Ұлттық мүддені қатаң ұстаныңыздар”
«Ақ жол» депутаттық фракциясы қазақстандық келіссөз жүргізушілерді халлықаралық шарттарды жасауда ұлттық мүддені қорғауға шақырды. Осы орайда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына тиісті сауалды жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның атап өтуінше, мемлекеттік органдар сыртқы экономикалық ынтымақтастықтағы қадамдар тек еліміздің ұлттық мүддесіне сай болуына назар аударуы керек. Өйткені келіссөз жүргізушілердің біліксіздігі салдарынан ел мүддесіне нұқсан келеді. Бұл проблема корнавирус індетінің таралуы кезеңінде өзекті болып тұр.
А. Перуашевтің пайымынша, бұл бағыттағы кейбір кемшіліктерді ескере отырып, ұлттық экономикалық мүддеге нұқсан келтіретін кемсітушілік қадамдар сыртқы саудадағы басқа да келісімдерде болуы мүмкін.
«Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы Үкіметтен интеграциялық бірлестіктерде құжаттарды даярлау кезеңінде еліміздің өкілдеріне ұлттық мүддені қатаң ұстануды тапсыруды сұрайды. Әсіресе, індет салдарынан кәсіпкерлер қиын жағдайға тап болған осы кезеңде бұл мәселе өзекті болып тұр», – деді депутат.
А. Перуашевтің сөзіне қарағанда, еліміздің барлық халықаралық экономикалық міндеттемелеріне шұғыл түрде талдау жасау керек. Осы орайда ДСҰ мен ЕАЭО ішіндегі шарттарда ұлттық экономикалық мүдделердің қорғалуы ескерілуі керек. Қажет болғанда, құжаттарға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасалауы қажет. Мұнымен қоса, депутат жергілікті кәсіпорындарды қолдауда тиісті талаптарды қамту керектігін атап өтті.