Ұлттарды ынтымаққа ұйытқан ұйым
Биыл – бірлік пен келісімнің теңдессіз моделі саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 25 жыл. Осы атаулы датаға орай, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Бір шақырақ астында – биік мақсаттарға» атауымен ҚХА кеңесінің отырысы өтті. Кеңес жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері, ҚХА төрағалары, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.Н.Назарбаев кіріспе сөзін қазақстандықтарды Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен құттықтаумен бастады.
– Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмысты қорытындылауға себеп болып отыр. Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленіс, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында іргесін қалады. Бірақ біз дәл сол кезде-ақ өзіміз үшін ұлтаралық татулықтың біздің басты байлығымыз болуы керегін түсіндік. Сондықтан 1992 жылы 14 желтоқсанда өткен Қазақстан халықтарының форумында жұртымыздың келісімі мен бірлігі болуға негізделген Ассамблея құру жөнінде бастама көтердім. Ал 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым, – деді Елбасы.
Оның айтуынша, ҚХА нәтижелі консультациялық кеңес беруші құрылымнан өзінің Парламенттік өкілі бар жалпыхалықтық институтқа айналды. «Ол азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасына ие болып, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуы жолында дәл осылар негізгі алғышарт болды. Барлығымыз да бұл жетістікке ең алдымен түгел халықтың, азаматтарымыздың арқасында жеткенімізді жақсы түсінеміз»,- деген еді Елбасы.
Ассамблея төрағасы этносаралық, конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген әрекеттің Конституцияға қайшы екенін нақтылайтын заң қабылданғанын атап өтті.
– Сол заң аясында біз барлық азаматымыздың құқығын қорғаймыз. Бұл реттегі Қазақстан саясаты барлық халықаралық стандарттарға жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты ұйымдар Қазақстан қалыптастырған этносаралық қарым-қатынас моделін, ұлттар бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігерімізді жоғары бағалап келеді, біз қалыптастырған жүйені өзге елдерге үлгі етеді. Біз «Рухани жаңғыру» деп аталатын қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын қолға алдық. Оның мақсаты – жаңа жағдайда халқымыздың санасын, ойлау жүйесін, өмірін өзгерту. Мұны терең түсіну қажет. Біз, яғни аға буын, орта буын Кеңес өкіметі жағдайында басқа идеологияда өмір сүрдік. Бөлек психологиялық бағытта тәрбиелендік. Қазір өмір өзгерді. Қатарымызға тәуелсіз елде дүниеге келген жаңа буын қосылды. Сол үшін бәрін қайта қарап, заман талабына сай болуымыз шарт. Сананы, ойлауды, болашаққа деген көзқарасты өзгерту керек, – деді Тұңғыш Президент.
Тіл – татулық тұғыры
Ынтымақты елдің бірлігін бекемдей түсетін тағы бір фактор бар, ол – тіл. Тілдің біріктіруші күш екеніне де Елбасы ерекше тоқталды.
–Еліміздегі барлық этнос өкілі мемлекеттік тілдің маңызын қолдады. Тәуелсіздік жариялаған 1991 жылы халықтың тек 37 пайызы ғана мемлекеттік тілді білетін. Қазір жағдай мүлде басқа. Бүгінде азаматтарымыздың үштен екісі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Кезінде ЖОО студенттерінің 27 пайызы қазақ бөлімінде оқыса, қазір көрсеткіш 83 пайызға жетті. Бұрын қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілін табу қиын-ды. Енді өзге ұлт өкілінің қазақша сөйлеуі – қалыпты дүние. Мемлекеттік тіл жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналды. Бұл тек мемлекетті құраушы ұлттың тіліне деген құрмет қана емес. Тіл – біріктіруші күш. Мысалы, Америкада мыңдаған ұлт өкілі тұрады, ал оларды америкалық ететін – ағылшын тілі. Әрине, біздің жағдай басқа. Бірақ мемлекеттік тіл арқылы барлық азаматымызға мемлекеттік басқарудың бүкіл органдарында жұмыс істеуге, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндік беру керек. Мақсат үлкен. Адам тілді жақсы білген сайын мәдениеттірек бола түседі. Меніңше, көпшілік мұны ортақ мақсаттар үшін жасап отырғанымызды түсінеді. Сол себепті түрлі этностың ата-аналары балаларын қазақ балабақшаларына, мектептерге және жоғары оқу орындарына бере бастағаны қуантады. Мұны қолдау қажет, – деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, қазақ тілін әлем елдеріне таныту бойынша жүргізілген шаралар туралы сө етті. Оның айтуынша, елде 5 644 ұйым балаларды қазақ тілінде оқытады. 3 800 қазақ мектебі жұмыс істейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге әйгілеу мақсатында қазақ қаламгерлерінің туындылары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды. Жаһанда үздік деп танылған салалық әдебиеттер де қазақ тіліне тәржімаланды. «Заманауи қазақ поэзиясының антологиясы» жинағының таныстырылымы әлемнің мәдени астаналарында өткізілгені де зор мәртебе.
Бірегейлігіміз – ерек ұлттық кодымыз
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің еліміздегі қиын-қыстау кезеңдерде жұмыла жүріп атқарған жұмысына да тоқталып өтті.
– Арыс пен Мақтаарал аудандарындағы төтенше жағдайларды айтпасақ болмас. Екеуінде де азаматтарымыз баспанасыз қалған еді. Қазақстан халқы бірігіп, ауылды жаңадан тұрғызды десек те болады. Бұл алғашқы жағдай емес. Алматы облысындағы су тасқыны мен жер сілкінуінен кейін де халқымыз бір жағадан бас шығарып, бірге күресті. Коронавирустық инфекция эпидемиясы кезінде де Қазақстан халқы Ассамблеясы аз қамтылған отбасыларға, медицина қызметкерлеріне, мектеп оқушылары мен олардың отбасыларына жәрдемдесті. Осылайша, азаматтарымыз қиын-қыстау кезеңде жалғыз қалмайтынын, бірлесіп көмектесетін халықтың барын түсінді. Әр азаматтың артында жауапкершілігі мол мемлекет бар. Ассамблея да бұл мәселеде алғы шепте. Жоғарыда айтылғанның барлығы біздің бірегейлігімізді білдіреді. Ал ол – біздің ерек ұлттық кодымыз, – деді.
Елбасы Үкімет тарапынан елдің тұрақты экономикалық дамуына, азаматтардың әлеуметтік жағдайын және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын атап өтті.
– Кәсіпкерлікті қолдау және экономикалық дамудың елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалары бізге миллиондаған қазақстандықты тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл Жолдау ел өмірінің барлық саласындағы реформалардың ауқымды бағдарламасы іспеттес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақ халқының тарихи рөлі зор
Мұның сыртында, Нұрсұлтан Назарбаев елдегі ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту үшін қазақ халқының артып келе жатқан тарихи рөлі мен жауапкершілігіне тоқталып өтті.
– Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп нық сеніммен айта аламыз. Халқымыздың басым бөлігі – қазақ. Сонымен бірге өзімізді, ұлттық намысымыз бен қадір-қасиетімізді және тілімізді құрметтей отырып, еліміздің дамуына үлесін қосып жатқан басқа да отандастарымызға құрметпен қарауымыз керек. Қазақстанның және оның барлық азаматтарының мықты және тартымды болашағының бейнесін тек бірлесе қалыптастыруға болады, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы.
Сондай-ақ Елбасы барлық этнос өкілдерін ел өміріне белсене атсалысуға шақырды.
– Халықтың үштен бірі – түрлі этнос өкілдері. Қазақстанның жетістіктеріне қосқан олардың үлесі баршаға аян және біз осы әлеуетті одан әрі арттыруға тиіспіз. Әсіресе бұл этностық топтар бір аумақта шоғырланған жерлерге қатысты. Бір жағынан онда осы этностардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау және дамыту үшін тиісті жағдай жасалған. Ал екінші жағынан осы негізде біз мәдени, лингвистикалық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ашық, оқшауланбаған қоғамдастықтарға қолдау көрсетуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының сөзінен кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері сөз алды. Бейнебайланыс арқылы республикамыздың түкпір-түкпірінен қосылып отырған азаматтар өз отбасы тарихы мен туған елге деген сүйіспеншілігін жеткізді. Әрқайсысы жалынды сөздер айтып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетінің студенті Юлия Лагуткина тіл мәселесін мемлекетке жүктеп қоймай, барлық азаматты атсалысуға шақырып, келер жылды «Қазақ тілін үйретуші еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынды. Ал Тараз қаласындағы №34 орта мектеп директоры Динара Нұрғалиева елде өзі сияқты бойында 7-8 этностың қаны бар азаматтардың көп екенін алға тарта келіп, осындай жандардың төлқұжатына «қазақ» деп жазатын уақыт келгенін айтты.
Ал жиын соңында Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің бағындырған белестеріне шолу жасап, алдымызда асқаралы міндеттер тұрғанын айтты.
– Келесі жылы тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Біз осы қысқа мерзімде заманауи, бейбітсүйгіш, жауапты мемлекет құрып, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған егемен ел болу арманын орындадық. Осы кезеңдерде жұртшылық маған сенім артып, мемлекет басқару мәртебесін бергеніне тағдырыма, еліме ризамын. Қиын-қыстау кезеңде ел менімен, мен елмен бірге болып, 100 жылға татитын жағдайлардан өтіп шықтық. Менің саясатыма, идеяларым мен бастамаларыма әрдайым қолдау білдіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына шексіз алғысымды айтамын. Бүгінгі таңда бірлік, патриотизм, татулық, жасампаздық идеялары елімізде тұратын барлық этнос өкілдерін біріктіргенін көріп қуанамын. Жұмыс әлі де көп. Өмір қиындап жатқанын көріп отырмыз. Еліміздің ортақ мүддесі үшін бірігіп жұмыс істеуді жалғастыру керек, – деді Елбасы.
Отырыс соңында Ассамблея Кеңесі ҚХА-ның барлық мүшесі мен ел азаматтарын бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы Елбасының стратегиялық сабақтастық бағытын қолдауға шақыратын Үндеу қабылдады.