Нысанада – жылу-энегертика нысандары
Қостанай қаласының базалық табиғи монополиялар субъектілері, атап айтқанда «Межрегионэнерготранзит» ЖШС, «Костанай-Су» және «Костанайская ТЭК» нысандарына кезекті баспасөз туры жасалды. Бұл жолы кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев танысып шықты.
Қостанайлық монополистер және олардың инвестициялық бағдарламаларының орындалуы – үнемі Тарифтік реттеуші орталық аппаратының назарында. Осы жолғы тексеріс те кәсіпорныдардың "тамыр соғысын тыңдауға" арналған. Баспасөз турына комитет төрағасы Асан Дарбаевпен қоса, осы комитеттің Қостанай облысы бойынша аумақтық бөлімшесінің басшылығы, Қостанай облысы әкімдігінің өкілдері, «Қостанай-Су», «Костанайская ТЭК» кәсіпорындары және «Межрегионэнерготранзит» ЖШС басшылығы, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Тур қатысушылары ең әуелі бас сұққан нысан – "Межрегионэнерготранзит" ЖШС. Бұл серіктестіктің бас директоры Владимир Канның айтуынша, 2019 жылы осы ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасында көзделген іс-шаралар 780,9 млн теңгеге орындалғанын мәлім етті. Оның ішінде, қосалқы станциялардың жабдықтарын қайта жаңартуға арналған шығындар 442 млн теңгеге шақ келген. Бұл сомаға облыстың әр қиырындағы бекеттер жөнделіп, жаңартылып, құрылғылары ауыстырылған.
"Ал Электр беру желілерін жаңартуға 169 млн теңге шығындалды. Бұл қаражатқа Алтынсарин ауданында ұзындығы 34 шақырымдық "Пионерский-Сосновый бор-Үлкен Чураков-Свердлов" әуе желілері ауыстырылды. Мұның сыртында, Ғимараттар мен құрылыстарды қайта жаңартуға 19 млн теңге, диагностикалық аспаптарды, қорғаныс құралдары мен аспаптарды, күзет, өрт дабылдағышы және бейнебақылау жүйелерін жаңартуға 111 млн теңге жұмсалды. Жол талғамайтын автомобиль техникасын сатып алуға және ауыстыруға 30 млн теңге бөлінді. Оған 4 УАЗ және 1 Нива көлігі сатып алынды", – деп тәптіштеді А.Кан.
Тур қатысушылары осы серіктестіктің диспечерлік бекетін және «Прибрежный» қосалқы станциясын аралап көрді.
Келесі нысан – Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы ғимараты. Мұнда да кәсіпорын басшысы Асқар Бекпағанбетов қатысушыларға атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді. Мемлекеттік кәсіпорынға 2019 жылы инвестициялық бағдарлама аясында 15 жобаны іске асыруға қазынадан 2,659 млрд теңге бөлініпті. Басшылықтың айтуынша, іс-шаралар толық көлемде орындалған.
Солардың бірі – "Қостанай қаласын жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту" жобасы. Оны Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен бірлесе жүзеге асыру жалғасуда. Яғни, жобаға аясында орындалуы тиіс 21 шараның бүгінде 17-сі аяқталған. Оған жұмсалған қаржы – 1 992,245 млн теңге. Дерек үшін қолға алынған ауқымды жұмыстарды атай өтсек, биыл көптен жоспарда болып келген ірі мәселе – облыс орталығындағы №2 қазандық бастан-аяқ жөнделді. Сонымен қатар, Лермонтов көшесіндегі жылу магистралінің құрылысы басталып, оған 650,020 млн теңге бағытталған.
Баспасөз турының бұдан кейінгі аялдамасы "Қостанай-Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болды. Кәсіпорын директоры Еркебұлан Файзуллаев тәптіштеген мәліметтерге сүйенсек, бұлардың инвестициялық бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған тарифтердің шекті деңгейінің қолданылуы 5 жыл мерзімге әзірленіп, бекітілген.
"Өткен жылы сумен қамту, су тарту жүйелерін жөндеу жұмыстарына 2 418,9 млн теңге шығындалды. 288,7 млн теңгеге 2-көтерілімде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін айта кету керек. Ал 2020 жылдың жоспарын орындауға 1 851 млн теңге жұмсалды, оның ішінде ЕҚДБ қаражаты 151,85 млн теңге, басбайлы бюджеті есебінен 500,0 млн теңге және бюджеттік бағдарламалар қорынан 1 200,0 млн теңгемен толықтырылды",- деді Е.Файзуллаев.
Осы шаралар мен шығындар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға, жылу және электр қуатының тапшылығын жоюға, су, отын шығындарын азайтуға бағытталды.
Баспасөз тур барысында қатысушылар, оның ішінде БАҚ өкілдері Комитет төрағасы Асан Дарбаевқа кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларды орындау тұрғысында және нысандар қызметіне қатысты маңызды сұрақтар қойды. Білікті маман барлық сұраққа анық та қанық жауап берді, сондай-ақ ол, ең бастысы, тарифтердің негізсіз көтерілуіне ешқашан жол берілмейтінін атап өтті.