КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Тобыл қаласындағы «Тобыл – көмек алаңы» фронт-кеңсесінің ашылуына қатысты. Бұл жайында аймақ басшысы өзінің "Инстаграм" желісіндегі парақшасында жазды.
Жобаның мақсаты – мемлекеттік органның жұмысын ашық көрсетіп, халыққа қолжетімді ету. Фронт-кеңселердің қызметі мемлекет пен халық арасындағы кедергілерді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты барынша болдырмауға бағытталған. Аймақ басшысы орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, қызмет көрсету сапасына назар аударды. Сондай-ақ, кеңсе қызметкерлерімен сұқбаттасып, қазіргі төтенше жағдай кезеңіндегі жұмыс жүйесімен танысты.
Мұндай фронт-кеңселердің бүгінге дейін Қостанай, Рудный қалалары мен Бейімбет Майлин, Амангелді, Әулиекөл, Денисов, Жангелдин, Наурызым аудандарында ашылған еді. Көмек алаңдары қазіргі уақытта қарқынды жұмыс атқаруда. Дәл осындай кеңселерді жыл аяғына дейін өңірдің қалған аудандарында да ашу жоспарға алынған.