Бұлшықеттер жарысы

Жарыстың жанашыры әрі ұйымдастырушысы, аға бапкер Андрей Масюктың айтуынша, чемпионаттың жеңімпаздары облыстық құрамаға шақырту алып, 24-26 қазанда Павлодарда өтетін ел Кубогында Тобыл өңірінің намысын қорғамақшы. Кейбір қатысушылар өз бақтарын тіпті Азия чемпионаттарында сынап көр-ген. Сондықтан жарыстың жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар.
– Спорттың бұл түрімен бір жарым жылдан бері айналысып жүрмін. Дұрыс тамақтану мен жаттығулар өзімді қай ортада болмасын еркін сезінуге мүмкін-дік береді. Рудный шағын қала болғанына қарамастан мұнда спорттың бұл түрімен айналысуға жақсы жағдай жасалынған екен, – дейді астаналық Алуа Килибаева.
Дене жаттығуларында үлкен төзімділік пен қайрат-жігерді талап ететін бодибилдинг спортына екінің бірі бара бермесі хақ. Соған қарамастан жастар арасында бұл спорттың жыл санап танымалдығы артуда. Бүгінгі чемпионат – соның айқын дәлелі.
Жарыста жас атлеттер сымбатты дене бітімдерін жан-жақты көрсетіп қана қоймай, қимыл-қозғалыстарымен ерекшеленуге тырысты. Алайда жарыстың аты жарыс. Биыл топ жарғандардың қатарынан рудныйлық Александр Шеремет, Сергей Сушко, Лисаков қаласынан келген Сергей Гатаулин мен астаналық Кирилл Сычоев пен Әмір Дәулетовтар көрінді. Ал, қыздардың арасынан Алена Горбунова мен Ирина Сидякинаға жететін жан болмады. Чемпионаттың барлық қатысушылары арнайы дипломдармен және демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.