Компьютерлердің кезекті легі келді
Қостанай облысына компьютер, ноутбук және планшеттердің жаңа партиясы әкелінді. Олар қашықтан оқуға техникасы жоқ және оны сатып алатын мүмкіндігі жоқ балаларға беріледі.
Биыл облысқа жалпы саны 1584 компьютер, 11586 ноутбук, 2052 планшет әкелінген. Барлық құрылғы ҚР Үкіметі резерві есебінен сатып алынды. Обыстық Білім басқармасы хабарлағандай, қаржы тамыз айында бөлінген. Алғашқы партиясы – 1584 компьютер қыркүйек айында жеткізілді. Қазан айының басында екінші партия – 895 ноутбук келіп түсті. Осы аптада Қостанай облысы әкімдігінің Ақпараттандыру және білім сапасын бағалау орталығы мамандары тағы 870 ноутбукты қабылдап алып, тексерістен өткізді. Дүйсенбіде олар тағы жаңа легін қабылдап алмақ.
Электроника өнімдері тексеруден өткеннен кейін дереу оқушыларға үлестіріледі. Қалалық және аудандық білім бөлімдері мұқтаж балалардың тізімін алдын ала жасап қойған. Ең бірінші кезекте құрылғылар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан балалардың қолына табысталады.