Қандай жағдайда коронавирусқа тегін тест тапсыра алады
1406 байланыс орталығына КВИ-ға тест тапсыру мәселесі бойынша хабарласушылар саны артты. Қоңыраулардың көбі коронавирус бойынша ауруханаға жатқызу мәселесіне қатысты.
Тұрғындар ПТР-тест тапсыру, коронавирус және симптомсыз ауру белгілері туралы сұрайды. Медицина ұйымдарының жұмысын, ауруханаға жоспарлы жатқызу жағын түсіндіруді өтінеді.
Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 10 санат бойынша COVID-19-ға тестілеу ақысын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.
Қор қаражаты есебінен коронавирусқа ақысыз ПТР-талдаудан өтуге құқылы азаматтар:
Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде:
– инфекциялық стационарға жатқызылған пациенттер;
– COVID-19 болуы мүмкін деген күдікпен провизорлық стационарға жатқызылған пациенттер;
– COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар, стационарлық деңгейдегі пациенттер;
– Үйде оқшаулауға жағдай болмағанда карантиндік изоляторға симптомсыз COVID-19-пен жатқызылған азаматтар (ПТР-тексеру, бұл санаттағылар үшін, сол жатқан стационарларда жүргізіледі);
– COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар, амбулаторлық деңгейдегі пациенттер;
– симптомсыз COVID-19-пен БМСК дәрігер бақылауындағы азаматтар (ПТР-тексеру, бұл санаттағылар үшін тіркелген орны бойынша емханада тағайындалады);
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында:
– ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылған пациенттер, оның ішінде 37 апта мерзімінде босандыруға рұқсат берілген жүкті әйелдер (ПТР-тексеру тіркелген орны бойынша емханада тағайындалады);
– ауруханаға шұғыл түрде жатқызылған пациенттер, оның ішінде жүкті әйелдер мен бала босанған аналар (ПТР-тексеру стационарда жүргізіледі);
– гемодиализде жатқан пациенттер (ПТР-тексеру тіркелген орны бойынша емханаларда тағайындалады);
– жаңа туған нәрестелер, клиникалық хаттамаға сәйкес (ПТР-тексеру стационарда жүргізіледі).
Зерттеу жұмыстарын ұйымдастырумен және басқа да қосалқы мәселелермен аймақтық денсаулық сақтау басқармалары айналысады.