Ауылға интернет тарту субсидияланады

Ауыл үйлеріне интернет тарту бағытында субсидия бөлінбек. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.3lKdJZAB
«Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде сымды телефония қызметтері мен пошта қызметтері жыл сайын 8 млрд теңгеге субсидия алуда. Біз енді интернетті ауыл үйлеріне дейін жеткізу үшін телеком операторларын ынталандыру ретінде оптикалық байланыс және басқа технологиялар арқылы қосылған интернетті үйге жеткізуді субсидиялайтын боламыз», – деді министр цифрландыру тақырыбы бойынша Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Нәтижесінде, ауылдық елді мекендердің тұрғындары қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, министр елдегі интернет сапасына қатысты жауап берді.
«Неге интернет әлсіз? Бұған қатысты бірнеше себеп бар. Біріншіден, бізде интернет сапасы бойынша қатаң заңнамалық талаптар жоқ. Екіншіден, телекоммуникация желісінің 90 пайызы радиорелелік желіде және әуе байланыс арналары бойынша салынған», – деді ол.
Мұнымен қоса, министр тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайдалануға беруге тыйым салынатынын айтты.
«Көрсетілген проблемаларды ескере отырып, реттеушінің рөлін, яғни біздің министрлікті күшейтуді ұсынып, тиісті заңнамаларға өзгертулерді енгізбекпіз. Біріншіден, сапалы шешім әрі бақылау міндеттерін атқару үшін телекоммуникация желілерінің бас схемасын әзірлейміз. Бұл ақпаратты министрлікке операторлар автоматты түрде беруі қажет», – деді министр.
Екіншіден, ведомство интернет сапасына қойылатын талаптарды белгілейді және көрсетілген қызметтердің сапасына бақылауды күшейтпек.
«Сонымен қатар, радиожиіліктерді бөлудің жаңа стандарттарын бекіту керек. Тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайдалуға беруге тыйым салатын боламыз. Ұялы байланыс ұйымдарына бөлінген радиожиіліктер үшін төлемақының жылдық мөлшерлемесін 90 пайызға қысқарту арқылы ауылдық елді мекендерде кең жолақты ұтқыр байланыс желілерін салуға арналған қаражатты қайта инвестициялау мақсатында салықтық преференциялар беруді ұсынудамыз», – деді Б. Мусин.
Министрдің сөзіне қарағанда, салалық заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар сомасын ұлғайту ескеріліп отыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓