Зейнеткерлер зерікпесін десек..
Ұзынкөл ауданының бір топ зейнеткерлері қаламызға қонаққа келіп, мәдени ошақтарды аралап, бір күндік уақыттарын демалысқа арнады. Бұл сапарды облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық ардагерлер ұйымы бірігіп ұйымдастырды.
Сапардың бастамасын облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан бастаған зейнеткерлердің көңілдері шат, бір арқа-жарқа болып қалды. Қалаға келіп-кету таңсық емес, әрине. Бірақ бас қосып, уақытты бірге өткізу көңілді бір серпілтіп тастайтыны рас. Қала күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараға қариялар алғыс айтуда. Себебі, араларында осы мұражайға келмегендері көп екен. Олар мұражайда өлкеміздің өткен тарихымен етене танысып шықты.
– Бүгін Қостанай қаласына демалыс сапарымен келіп отырмыз. Бұрын қалаға келіп жүрсек те бүгінгі сапардың орны бөлек біздер үшін. Күнделікті тірліктің қамымен жүріп, бас қосып, қыдыруды естен шығарып жатамыз. Көңіліміз көтеріліп қалды, – дейді зейнеткер Бибіжар Бұхметова.
Бастаманың өңір ардагерлерінің өмірін өзгертуге өзіндік септігін тигізері талассыз. Қарттар қоғам қозғалысынан қалыс қалмай, оған белсене араласып отырады. Сонымен қоса облысымызды аралап, әсерге бөленеді. Зейнеткерлер зерікпей, уақытын пайдалы өткізсін деген мақсатта шара ұйымдастырушылары оларды облыс орталығындағы ірі кәсіпорындарға да апарсақ деген ойда.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ
Суретте: зейнеткерлер мұражай жәдігерлерімен танысуда.