Қанды ор

сайт5
30 қыркүйекте Қостанай ауданының Алтын Дала ауылында 17 жасар жеткіншек су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде қазылған шұңқырға құлап мерт болды. Төлепбергеновтер әулетін зар жылатқан қаралы оқиға сол күні кешкі сағат алты жарым кезінде болыпты.
сайт4
Марқұм баланың әкесі Сапарбек Төлегенұлы бізбен арнайы жолығып, болған жайттың жай-жапсарын баяндап, көп күмән тудыратын тұстарын айтып берді. Әсіресе, тергеу «өзі құлап мерт болдымен» аяқтала сала ма деген күдігі де жоқ емес. Өксігі өзегін өртеген әке әлі есін жимаса да, істің жан-жақты, ашық, әділ жүргізілгенін талап етеді. Ол ең алдымен кәмелетке толмаған жеткіншекті ешқандай келісім-шартсыз жұмысқа тартқан мердігер компанияны кінәлап отыр. Айтуынша, құбыр тарту жұмыстарына қаладан студенттер келіп жалданып жұмыс істейді және еңбекақыларын күнделікті алып отырады. Ал қаза болған Алтынбек Төлеген бар болғаны төрт-ақ күн жұмыс істепті. 
сайт1          
– Сенімге селкеу түсіретін бұдан да бөлек жайттар бар. Балам қайтыс болғаннан жарты сағаттан кейін бардым. Бізге сол жерде жұмыс істеп жүргендердің айтуынша, Алтынбек ордың шетінде тұрған кезде топырақ опырылып кетіп құлаған дейді. Бірақ ол өздігінен құлай қоятын адам емес. Коледждің спорт бөлімінде білім алып жатты, бір кісідей қармаулы. Тіпті, бір жарым метр тереңдікке құлаған күннің өзінде бірден өліп кетуі ақылға қонымсыз. Оны орды қазып, әрі-бері бұрылып тұрған экскаватордың шөміші қағып кеткен деп естіп жатырмыз. Біз экскаваторшыны кінәламаймыз, жұмыс жүрген жерде ондай оқыс жайттар болып тұрады. Және ол әдейі соғып құлатпаған шығар. Бұған техникалық қауіпсіздік шараларына атүсті қараған мердігер компания басшылығы кінәлі. Шұңқырды қазу басталғалы бері неге оның жан-жағы қоршалмады? Ашық-шашық жатқан ордың басы-қасында неге не бригадир, не басқа да жауапты адамдар жүрмейді? Сол шұңқырдан ойын балалары олай-былай қарғып-секіріп жүр, ертең оған тағы біреуінің құлап кетпесіне кім кепіл? Ең өкініштісі, балам қайтыс болғанның келесі күні ордың сырты қызыл ала таспамен қоршалып қойды. Сонда шұңқырды қоршау үшін міндетті түрде біреудің өлімі себеп болу керек пе! – деді ашынған әке.           
Тағы бір күдіктенетін жайт – бұлар барған кезде жеткіншек ордың ішінде жатыпты. Анау айтқандай топырақ астынан қазылып алынған адамға ұқсамайды. Біріншіден, экскаватордың көмілген адамды дереу қазып алып шығуы мүмкін емес. Сапарбек оны бірнеше жыл механизатор, соның ішінде экскаваторда жұмыс істегеннен білетінімен түсіндірді. Екіншіден, құм астынан қазылып алынған адамның киімінің ішіне, аузы-мұрнына топырақ кірер еді, бірақ баланың үсті-басы таза деп отыр.           
– Естуімше компания бірнеше бригадаға бөлінеді. Бізге төмендегі қосалқы мердігер компания басшылары келіп көңіл айтып, кешірім сұрап кетті. Намазына келеміз деген, төбе көрсеткен жоқ. Көмек берейік деді, мен бас тарттым. Осы оқиға бойынша іс қозғалды дейді, бірақ тергеушілерден де ешкім келген жоқ, – дейді Сапарбек.
сайт2           
Осы оқиғаға байланысты Қостанай аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұхтар Жайлаубеков арнайы баспасөз жиынын өткізді. Айтуынша, еңбекті қорғау қағидаларын бұзу туралы сараптама жүргізіледі, сот-медициналық сараптама тағайындалады, еңбекті қорғау департаменті тексеру жүргізіп, оның қорытындысынан кейін процессуалдық шешім шығарылады.           
– 2020 жылдың 30 қыркүйегінде сағат 18-36-да Алтын Дала ауылында су құбырын төсеу жұмыстарын жүргізу кезінде жер опырылып қалғаны туралы Қостанай ауданының полиция бөліміне хабарлама түсті. Жұмысшы ретінде жүрген 2003 жылы туған жасөспірім топырақ астында қалған. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексі 156 бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірнеше сараптама тағайындалды. Атап айта кететін жайт, бұл жерде еңбекті қорғау қағидаларын бұзу анықталып отыр. Қазу жұмыстары кезінде маңай қоршалмаған, техникалық қауіпсіздік, соның ішінде жұмысшының шұңқырға дейінгі ара-қашықтығы сақталмаған. Нақты қылмыстық іс мердігер компанияға қарсы қозғалып отыр. Егер жұмыс беруші тараптың кінәсі толық дәлелденсе, оған жауапты адамға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал мердігер компанияның атауы тергеу құпиясына байланысты жарияланбайды, – деді полиция полковнигі М.Жайлаубеков.
сайт3           
Міне, үйдегі бес баланың үлкені, бес айлығынан ата-әжесінің қолында өсіп келе жатқан Алтынбектің ғұмыры осылай үзілді. Тағы да айтайық, жеткіншектің әкесі Сапарбек бұл істің анық-қанығы анықталып, істің әділ болғанын талап етеді. Өзі де: «балам ана дүниеде жатып, әкем неге әділдік іздемей қимылсыз отыр демесін, істің түбіне жетпей тоқтамаймын» деп сөзін аяқтады.          
Біз де осы оқиғаның анық-қанығынан үнемі хабардар болып отырмақпыз. Алда ресми органдардың жауабы жарияланып жатса, оны да өздеріңізбен бөлісеміз. 
          
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.           
Жекелеген суреттер журналист Д.Әбдібековтен алынды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓