Өнерге құлаш ұрған

Өңірімізде өнерге бой алдырған өрендердің қатары көп. Дарынды, жалынды жастар өз ортасында ғана жарқырап көрінбей, облыс намысын өзге аймақтарда да қорғап жүр. Сондай қабілетті жастың бірі – сөз өнерін жанына серік еткен Бахытжамал Кеңшілік. "ТМД-ның ең үздік студентін" қатарының алды, өзгелерге үлгі деуге әбден лайық.c035da96-ad60-47c8-bbce-92818b2c8714
Жас ақын, көркемсөз шебері, пікірсайысшы, білімді, ұйымдастырушы – бұл қаршадай ғана бойжеткенді айналасына танымал еткен қабілеттері. Есімі елгезек жастар арасында жиі аталып, өлең-шығармалары өзі құралпылас оқырмандардың көңілінен орын алып үлгерген. Жалпы, Бахытжамалдың өнерге бейім келуінің еш құпиясы жоқ. Себебі, ол өнер қонған әулеттің ұрпағы. Атасы Кеңшілік пен әкесі Маратты танитын жұрт тамаша өнерпаз деп біледі екен. Бойжеткен бүгінде отбасының ғана емес, өзі 4-курсында оқып жүрген Қостанай гуманитарлық колледжінің мақтанышына айналған. Мектеп қабырғасынан сөз өнеріне іңкәрлігі оянған ол қазір колледжде Қазақ тілі және әдебиет мамандығы бойынша білім алып жатыр.f712911a-b537-4d46-be33-de0c21c59d9d
Бахытжамалдың студент атанғалы жеткен жетістіктері аз емес. Әуелі, ол шығармашылық, пәндік олимпиадалардың облыстық, республикалық сындарын сан мәрте бағындырды. 2016 жылы Көкшетау қаласында жасөспірімдер арасындағы байқауда әртістік шеберлігімен "Ең үздік қыз бала рөлі" ОSCAR кубогын иеленген. Сол жылы ҚР Жас патриоттар академиясының мүшелігіне енді. Үлкен жетістіктерінің бірі – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының "Ең үздік студент-2019" аталымының лауреаты атануы. Қатарластары оның ойы ұшқыр, тілі жүйрік дебатшы екенін де жақсы біледі. Дебат сайыстарында талай рет топ жарып, "Сөз шебері" атағын иеленіп жүрді. Ал биылдан бастап өзі оқитын колледждегі "Талшын" дебат клубының Президенті болып тағайындалды. Сондай-ақ, екі жылдан бері осы оқу ордасындағы еріктілер ұйымының Президенті мәртебесін абыроймен алып келеді.c8b15091-c0ca-4776-81c6-6ba7be27c684
Жүрегіне талап бойлап, қаламына қанат байлаған жас ақын жыр додаларында да жүлде іліп жүр. Қостанайда өткен "Жас ақындар" мүшайрасында кіл жүйріктер арасында жүлделі 3-орынды иеленді. Балауса жырлары облыстық "Жас керуен" альманахының алғашқы жинағына енгенін де ұмыт қалдырмаған жөн. Оқуымен қоса, осыншама жауапкершілікті міндетіне ала жүріп, шығармашылығын шабандатып көрмепті. Оған таяуда ғана "Туған елінің еркесі" атты өлеңдер жинағын шығарғаны жарқын мысал бола алады. Н.Островский атындағы өзі белді мүшесі саналатын "Толқын" шығармашылық студиясында осы тырнақалды кітабының тұсаукесері өтті. aff84252-4863-4350-b8a8-5526d6e81dd5Бахытжамалдың өлеңдеріне баға беріп, алғы сөз жазған белгілі қаламгер Серік Шайман онлайн шараға арнайы қатысып, өлең өлкесіне қадам басқан жас дарынға ақ батасын беріп, сәт-сапар тіледі. 9a3154cc-db5c-4188-b63b-c22e31a8c522162b778e-7dd2-4e8e-86fa-436bf422d884Қуаныш иесін қанаттас, қаламдас дос-құрбылары да экранның арғы жағынан құттықтап, ән-жырмен лебіздерін жеткізіп жатты…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓