Отызында орда бұзған
Орал Мұхамеджанов туралы сөз
Қазіргі заманда коммунистік партияға қатыстының бәрін тек жоққа шығару үрдіс болды, әйтпесе, сол кездегі жастарды комсомолдан бастап тәрбиелеп, қоғамдық-көпшілікпен жұмысқа тарту, қалай жамандаса да өзін-өзі ақтаған шаруа еді. 60, 70, 80 жылдардағы қаншама комсомол жетекшілері адамдармен жұмыс істеуде жинақтаған тәжірибелерінің нәтижесінде ел тізгінін ұстау дәрежесіне жетті, білікті де, кемеңгер басшыларға айналды. Партия оларды оқытты, жетектеді, тәрбиеледі. Солардың бірі болған Орекең де комсомол қызметінен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Жоғарғы партия мектебіне жіберіліп, үздік тәмәмдады, одан партия тарағанша аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы, облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгеруші қызметтерін ерекше берілгендік, білгірлікпен, тек коммунистер емес, жалпы халықпен етене тіл табыса жұмыс істеді. Оны халық партия жетекшісі ғана емес, ақылгөй аға, жанашыр жолдас, көреген замандас ретінде сыйлады.
Бір аяғымызды социализмнен ала-алмай, екінші аяғымызбен капитализмге табандап баса алмай, екеуінің арасы алшақтап бара жатқан, не істеп, не қоярымызды білмей дал болған дүбара шақта Орекең облысымыздың күрделі аудандарының бірі Аманкелдіде аудан әкімі қызметін атқарды. Партократтардың "бұғауынан" құтылып, еркіндіктің ауасына әуейленген қалың көпшілік, не өздері ұмтылмай, "енді не істесем де өз еркімде" деп айтқанға ере қоймай шалжиып жатып алған, шаруашылықтардың бәрі быт-шыт болып ыдырап, ел байлығы көпшілік жағдайда бас пайдасының қамын бірінші орынға қоятын пысықайлардың қолына тиіп, экономикамыз құлдырап, жамағатқа уақытында еңбекақыларын төлеудің өзі зар болған уақытта халықты толқытпай, бас жарып, жаға жыртылатын бұза-жарды істерге жолатпай ел тыныштығын сақтаудағы ауыл, аудан әкімдерінің қызметтері, қазіргі шыққан биіктігіміз тұрғысынан қарағанда ел тарихында ерекше бағалауға жататын кезең деп ойлаймын. Міне, осындай аласапыран уақытта қалың қазақы ауданға өз төл тумасындай сиысып, қадірін өткізіп, ел бастаған азаматқа сол елде бюстін қойса да артықтығы жоқ.
Егеменді еліміздің алғашқы Парламенті тарағаннан кейін Елбасымыз Орекеңдей кеңсе, ұйымдастыру жұмысының нағыз майталманы, мейлінше сауатты және білікті азаматты тани біліп, өз аппаратына жауапты қызметке алды. Елдің мемлекет болып қалыптасуының бастауындағы бұл шақ ең бір қиын да, ең бір жауапты да өткел еді. Соның бәрін Елбасымыз өз төңірегіне жиған Орекеңдер сияқты жанашыр да адал, көреген де іскер азаматтармен бірге көтеріп, оларды лайықты орындарына орналас-тыра білді. Соның нәтижесінде Қостанайдың қара Науырзымының қара баласы мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтеріліп, егеменді еліміздің ең жо-ғарғы заң шығарушы органы Парламент Мәжілісінің депутаты болып қана қоймай, оның екі бірдей шақырылымының төрағасы болып, халықтың да, Елбасының да зор сенімінен шықты. Біз Орекеңді мақтап қана қоймай, Орекеңдей тұлғамен мақтануымыз қажет.
1999 жылы Қостанай әлеуметтік техникалық университетінің ректоры, тұлғалы ағамыз Зұлқарнай Алдамжарұлы Қостанай облысының энциклопедиясын жасау туралы ұсыныс жасап, университет ұжымын бұл жұмысқа кірістіріп те жіберді. Мен ол кезде облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің ұйымдастыру бөлімін басқаратынмын. Маған энциклопедияға аттарын енгізу үшін ауыл шаруашылығы саласындағы лайықты азаматтар туралы деректер жинау, оның сыртында Торғай аймағы бойынша жинаққа енбеген адамдар болса, солар туралы деректер қосуды тапсырды. Әлі есімде, Арқалық, Аманкелді, Торғай аумағы бойынша 50 шақты адамның тізімін жасап, суреттерімен қоса деректерін тапсырдым. Ол кезде Президент аппаратында қызмет жасайтын Орекеңді Қостанай төңірегі азаматтарының қызметке араласқан таңдаулылары болмаса, көпшілігі біле де бермейтін. Марқұм Мұхамедғали Айсин ағай арқылы телефонын тауып алып, сол деректердің ішіне Орекеңді де бергенмін. Хат арқылы өз қолымен жазып берген өмірбаянымен қоса редакция алқасына тапсырдым. Әкесі Байғоныс ақсақал туралы да дерегін сонда бірге беріп еді. Пендешілік шіркін-ай деймін, кейін Орекең Мәжіліс депутаты, одан кейін жоғарылап Мәжіліс төрағасы болғанда сол деректерді мен кіргізгенмін деп "иелік" жасаушылар шықты. Қостанайға бір келген сапарында мен сондай арзан бедел үшін құйысқанға қыстырылатындардың ісіне қынжылып, сол жағдайды айтқанымда:
– Серікбай, қайтесің, сондай жандайшаптарға құр атағын қимайсың ба. Анығын сені мен мен білеміз ғой, – деп жұбаныш айтып еді. Бұл да болса Орекеңнің азаматтық келбетінің биіктігі, бақай есеп, пендешілік құрсауынан адалдығы болса керек.
Қостанайдың қақ төрінде, кезінде Орекең оқып тауысқан Қостанай кооперативтік техникумы қазір экономикалық колледж аталып елімізге экономика саласындағы сапалы кадрларды даярлау-да өз үлестерін қосып келеді. Болашақта Орекеңді еске қалдыру мақсатында осы колледждің маңдай қабырғасына оның осы оқу орнын бітіргендігі туралы тақта орнату, Орекеңнің туған елі Науырзым ауданының бір мектебіне атын беру кейінгі қалған ел азаматтарының Орекеңнің аруағының алдындағы азаматтық борышы деп білемін. Еліміздің ең құзіретті лауазымының бірі, республика басшылығындағы Президенттен кейінгі үшінші тұлға – республика Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметін атқарған түлегі бар аудан, ел бірді-екілі ғана екенін ескерсек, ол Орекеңнің атын мәңгілеудің сыртында, сол ел, оқу орны үшін биік мәртебе болары сөзсіз.
Қайран, Ореке! Бір күнгідей болмаған мынау фәни ғұмыр зу етіп өтті де шықты. Уақытпен өлшесең қашық, бірақ көңіліміздің түкпірінде күні кеше-гідей, сонау комсомолдық шақтар кезін-де бірге бір қазанда қайнаған біздер үшін Сіздің жарқын, көтеріңкі, қоғамшыл бейнеңіз жадымыздан шықпақ емес. Жатқан жерің жайлы, орның жұмақта, иманың көркем болсын. Еске алғанда құран бағыштап, Алладан өзіңе мәзі-рет, тіріге медет сұрағаннан басқа біздің енді қолдан келеріміз жоқ. Жаратушы кейінгі қалған отбасыңа береке, ұрпақтарыңа бақытты да, ұзақ ғұмыр берсін.
Серікбай ШАЙМАҒАНБЕТОВ
Қостанай.
Орны бөлек Орекең еді
Өмірзақ ИХТИЛЯПОВ,
"Шолақсай" серіктестігінің директоры,
Науырзым ауданының құрметті азаматы.
Мен Қостанайдың тумасы, жастайынан билікке араласып, аты ерте шыққан Орал Мұхамеджановты сырттай білсем де 2004 жылға дейін кездесіп, тілдесудің сәті түспепті. Жүздесуі-міздің өзі бір қайғылы сәтке орайлас келді. Сол 2004 жылы біздің "Шолақсайдың" азаматы, республикалық деңгейде лауазымды қызмет атқаратын Жүнісбек Сұлтанмұратовтың анасы, жүз жасаған кейуана Ақыжан апамыз Алматыда қайтыс болып, оны Шолақсайға әкеп, жерлейтін болды.
Сол кездегі облыс әкімі С.В.Кулагин әдейі телефон соғып, асыл ананы соңғы сапарға аттандыруға жәрдем жасауды өтінді. Жерлейтін күні Теміржан Төлеубаев, Мерей Байлин, Орал Мұхамеджанов сынды облысқа белгілі адамдар, Әулиекөл, Науырзым аудандарының әкімдері келді, халық көп жиналды. Өйткені Ақыжан апамыз жұртқа жаққан, жастайынан жесір қалып, жалғыз баласы Жүнісбектің тілеуін тілеп, соны оқытып, адам қылып, қартайғанда сол құлынының қамқорлығына бөленген кейуана еді. "Жалғызымның болсайшы жары құдай" деп жаратқан иемізден тілек тілей жүріп, бір күн бос отырмады, қара жұмысқа жегілді. Баласы да ананың ақ сүтін ақтады, алдымен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, "Егемен Қазақстан" газетінде қызмет істеді, алғыр да икемді жасты сол кездегі билік басындағылар бірден аңғарып, мемлекеттік қызметке шақырды.
Орал Байғонысұлы сол Ақыжан ананың жақын інісі, яғни Жүнісбектің нағашысы. Мен бұл жұртқа күйеу баламын, менің зайыбым Тағышының қызы. Және Орекең екеуіміз түйдей құрдас болып шықтық, оның менен үш-ақ күн кішілігі бар екен. Қазақта құрдастардың орны бөлек қой, оның үстіне екеуіміз де ауылда туып, ауылда өсіп, ұлтымыздың салт-дәстүріне, шама-шарқымызша тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қанықпыз.
Бұл сапар Орал Байғонысұлының Шолақсайға тұңғыш келуі, Қазақстан Президенті Әкімшілігінде бас инспектор болып істеп жүрген кезі. Асыл ананы ақырғы сапарға жөнелту қарбаласымен жүрсе де ол шаруашылықта болып жатқан өзгерістерге де назар аударып, ризашылығын білдірді.
Сол жылы Орал Мұхамеджанов Қазақстан Парламенті Мәжілісіне біздің округ бойынша депутаттыққа түсетін болды. Кандидатпен кездесуге көп адам жиналды. Көп ұлтты Шолақсай халқының алдына шығып сөйлегенде жұрт оны ұйып тыңдады. Құдай берген көркі, жағымды ашық даусы, екі тілге бірдей шешендігі бәрімізді де тәнті етті.
Кездесу барысында әртүрлі сұрақтар да қойылып жатты.
– Ореке, Сізді Қостанай-Торғай жұртшылығы жақсы біледі. Осы елдің айтулы азаматы деп құрметтейді. Туған жер, өскен орта, ата-анаңыз туралы айта кетсеңіз артық болмас еді, – деді сол кездесуде бір азаматымыз.
Орекеңнің сондағы айтқаны:
– Өзім Қостанай қаласында тудым.Ата-баба мекені Науырзым ауданы. Шешем Қостанайдың қасындағы Сатай деген ауылдан. Екеуі де дүниеден озды. Шешем ерте қайтыс болды. Әкем біраз жыл соғысқа дейін, соғыстан кейін де Қостанай филармониясында әнші болған. Мен дүниеге келгеннен кейін елге оралып, сонда әртүрлі қызметтер атқарған.
Сегізінші класты Рудный қаласында бітіріп, Қостанай кооперативтік техникумына түстім. Оны 1967 жылы «қызыл» дипломмен аяқтап Новосібір сауда институтына түсіп, оны 1971 жылы бітірдім. Қостанай облыстық тұтынушылар одағында, облыстық комсомол комитетінде қызмет істедім.
1975-1994 жылға дейін Торғай облысында әртүрлі басшылық қызметтер атқардым. 1994 жылдан орталықтамын: алдымен Алматыда, сонан соң 1997 жылан Астанадамын.
– Сіздің сайлаушыларыңыз әдебиет пен өнерге, ұлттық салт-дәстүрге деген көзқарасыңызды да білгісі келеді. Дос-жолдастарыңыз көп пе? – деген де сұрақ болды.
– Әдебиет пен өнерге жас кезімнен құмармын. Өзім ән саламын. Студент кезімде теледидар, радиодан да талай ән шырқадық. Қазір достарымның, жақындарымның арасында ғана айтамын. Жас кезімде екі тілде өлең жазып та көрдім.
Абай, Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Қ.Аманжолов, Блок, М.Мақатаев, Ж.Әбді-рәшев, Ж.Жақыпбаевтардың өлеңдерін, М.Әуезов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Т.Әбдіков, Д.Исабековтердің, Чехов, Толстой, Шукшиндердің прозасын сүйсініп оқимын.
Салт-дәстүрдің басым көпшілігін қабылдаймын. Ал, кейбіреуін XXI ғасырға сүйреу-дің қажеті жоқ қой деп ойлаймын.
Құдайға шүкір деп айтайын, бірге жүрген, жанашыр достардан кем қалған жоқпын. Мектепті бірінші сыныптан бірге оқып, Новосібірде институтта бірге оқыған кластас, курс-тас достармен осы күнге дейін жігіміз ажыраған емес. Қуанышта да, басқа түскен қиыншылықтарда да біргеміз. Олар ауылда да, ауданда да, облыстарда да бар. Сондай дос-тарымның барына қатты қуанамын, – деп еді асыл азамат.
Өмір жалғасып жатты. Орал Мұхамеджанов Парламент Мәжілісінің депутаты ғана болып қойған жоқ, ол сол беделді құрылымның басшысы, яғни Мәжіліс төрағасы болды. Елбасының шүбәсіз сенім артқан серіктерінің біріне, халық мойындаған сұңғыла саясаткерге айналды. Бірақ ол сол кішілік, кісілік қалпынан өзгерген жоқ.
2009 жылы Қостанай облысына келгенде "Шолақсайға" әдейі атбасын бұрды. Қасында облыстық мәслихат хатшысы Ғани Сағиев, аудан әкімі Төлеген Ташмағамбетов болды. Сөз арасында үш күн ғана кішілігі бар інім:
– Өмеке, 60 жылдық мерейтойыма шақыра алмадым, кешірім сұраймын, алда да талай тойлар бар ғой, сонда міндетті түрде хабар беремін, – деп ізет білдірді.
Еліміздегі лауазымды тұлғаның бұл сөзіне өзім қысылдым және ел азаматтарына сыйластық, қимас көңілмен қарайтынына риза болдым.
2010 жылдың қоңыр күзінде Орекеңнің ұлы үйленетін болып, Астанаға тойға шақыру қағазы келді. Жұбайым Қалима екеуіміз бардық. Сол той маған ерекше әсер етті, ол Орал бауырымыздың ерекше бір тамаша қасиеттерін жарқыратып көрсетті. Залда есімдері мәшһүр саясаткерлер, депутаттар, мүйізі қарағайдай өнер адамдарымен бірге елден келген туыс-туғандар қатар отырды. Үкімет мүшесі мен үй шаруасындағы әйелді бөліп-жармай төрге шығарған той еді бұл. Сонда ауылдан келген ағайын тілегіне үлкен-кіші құлақ түрген, даланың иісі бұрқыраған қариялардың даналығына бас иген той еді бұл. Залдың қақ ортасындағы үлкен үстелге отбасымен жайғасқан Орекең ешкімді де артық санамай, рет-ретімен той дастарқанын ерекше бір жарасымдылықпен басқарды.
Содан кейін де талай тойларда болып жүрміз, төрді де, сөзді де басшыларға беріп, соларға жағымпазданып әбірге түсеміз, өзіңнің ет-бауыр жақындарың, қимас достарың, қарапайым халық ұмыт қалғандай.
Орекең 2011 жылы Арқалықтан келе жатып та Шолақсайға соқты. Мен зейнеткерлік жасқа жетіп, шаруашылық басқару тізгінін ұлым Мәдиге беріп жатқан кез еді. Қайраткер азамат менің қадамымды құптап, Мәдиге батасын берді. Сол жолы ырым болсын деп депутаттық белгісін балама сыйлады.
…Енді бірде ойламаған жерден суыт хабар келді. Туған жердің өр тұлғасы Орал да дүниеден өтіпті. Отбасымызбен қабырғамыз қайысып, қатты қайғырдық. Артына сөз ермеген, елге, Елбасына, туған жерге адал қызмет еткен абзал да ардақты азамат еді ол.
Әдейі қабірінің басына барып, құран оқып, бас идім. Ұлттық даңқ Пантеонына айналар қорымға алғаш жерленген біздің жерлесіміздің халық үшін еткен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Көңілге сол медеу.