Ауқымды шара Арқалықта өтеді
Кейкі Көкембайұлын туған топырағына тапсырғаннан кейінгі өтетін ғылыми конференциялар мен басқа да іс-шаралардың дені Арқалық қаласында ұйымдастырылады. Осыған орай облыс әкімі Архимед Мұхамбетов шаһар басшысы Амантай Балғаринге бірқатар тапсырмалар жүктеді.Облыс әкімі А.Мұхамбетов игі жобалардың Қызылқозыда өту себебін де түсіндірді. Әуелгі мақсат – Арқалықтың абыройын сәл де болса арттырып, ел назарын аударту. Өмір ағымындағы маңызды мәселелердің туған қалаларында өтуі арқалықтықтарды да серпіндіре түсетіні сөзсіз.
Келері жылы мұнда ағылатын қонақтарды күтіп алу үшін, алдымен, қала көркін кіргізу керек. Иә, жасыратыны жоқ, Арқалықтың бүгінгі ішкі жолдары сапасыз, оның үстіне түкке жарамсыз ескі үйлердің қаңқасы қаланың көркін қашырып тұр. Көзге түрпідей көрінетін Арқалықтың бұл кейіпі өңір басышсына да ұнамады. Сол себепті, алғашқы әрекет осы екі мәселені реттеумен басталады.
Арқалық көшелерін қалыпқа келтіру үшін 600 млн теңге қажет. Бұл қаржыға Байтұрсынов, Қайырбеков, Демченко көшелері және Абай даңғылындағы алаң жөнделмек. Келер жылдың күзіне дейін қаланы иесіз қалған 6-7 шағын аудандардағы көпқабатты үйлерден тазартады. Бұған бас-аяғы 190 млн теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарда бар.Алдағы уақытта Арқалықта өтетін ауқымды іс-шараларға байланысты тек қала әкімшілігі ғана емес, жеке кәсіпорындар да күш жұмылдырады. Әр мекеме өздері жауапты алаңқайларды абаттандыруы қажет.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.