Жарылқаушы жат ағым емес – Жаратушы
Психолог мамандарға көбіне деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендердің өздері емес, олардың туған-туыстары көмек сұрап келеді. Егер жақыныңыз өзгеше өмір салтын ұстанып, жұмысын тастап, түсініксіз сөздерді айтып, ақша жұмсауды көбейтіп, көз алдыңызда өзгеріп бара жатса не істер едіңіз? Оның қандай да бір жат ағымның шырмауында жүргенін байқап, сезген болсаңыз, оған қалай қол ұшын берер едіңіз? Әрине, қайда барып, не істеріңізді білмей дал болатыныңыз анық.
Тығырықтан шығар жолды сізге ҚР тәжірибелі психологтар қауым-дастығы жанындағы деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының жетекшісі, тәжірибелі маман Юлия Калюжная айтып береді:
– Соңғы кезде дәстүрлі емес, діни ұйымдардың қатары көбейіп кетті. Олардан зардап шеккен азаматтардың саны да күрт артып отыр. Бізге діни ағымдар жетегіне шырмалып, адас-қан, содан шығар жолды білмейтін, ол аздай, бар мүлкінен айырылғандар жиі көмек сұрап келеді. Орталық мамандары оларға жеке және отбасымен бірге, ер-әйел, ересек-бала деп топқа бөліп, ақыл-кеңес береді. Біз тегін психологиялық, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеміз. Онымен қоса, жағдайымызға қарай материалдық демеу де жасайтын кездеріміз болады. Өткен екі жылда 18 адамға дәрі-дәрмек алуға материалдық көмек көрсетілді. Діни ұйымға кіріп кеткен адамды бірден шығару өте қиын. Ең бірінші алдын алу жұмыстарын жүргізу анағұрлым тиімді. Екі жыл ішінде біздің көмегімізбен 10 адам діни ұйымдардың қатарынан шықты. Олардың отбасы мүшелері мамандардың айтқандарын мұқият орындағанның арқасында.
Юлия Калюжная сонымен қатар, мына бір оқиғаны айтып өтті. Қостанай қаласындағы мектептердің бірінде оқып жүрген оқушы қыздың мінезі күрт өзгеріп, үстіне ұзын көйлек, басына орамал тағуды шығарады. Бара-бара "жоғары білім алу босқа уақыт өткізу" дегенді айтып, оқуға түсуден бас тартады. Ал спортпен айналысуды мүлдем қойып кетеді. Сөйтсе бойжеткен дәстүрлі емес исламды жақтаушы бір жігітпен кездесіп жүреді екен. Оның анасы орталыққа көмек сұрап келіпті. Қызы екеуі бір жыл бойы орталықтан дәріс алады. Қазір бойжеткен жоғары оқу орнында оқиды. Ал анасы осындай мәселесі бар өзге де ата-аналарға өз өміріндегі тәжірибемен бөлісіп жүр.
– Әр жат ағымның діттеген мақсаты бар. Ең бастысы олар өздерінің қатарларын жастармен толықтырғысы келеді. Егер сіздің жақыныңыз деструктивті діни ұйымға кіріп кетсе, онымен қарым-қатынасты бірден үзбеңіз, оған ешқандай кінә тағып, тез арада жат ағымнан шығып кет деп талап етпеңіз, алдымен бізге келіп жүгініңіз – дейді психолог Ю.Калюжная.
Жексенбі сайын өтетін орталықтың кезекті басқосуына сәті түскен күні мен де қатыстым. Онда түрлі ағымнан зардап шеккендер өз бастарындағы түйткілдермен бөлісуге келеді екен. Сол жерде психологтар тренинг жүргізді.
Жат ағымнан зардап шеккен Фариза (аты-жөні өзгертілді) есімді келіншекпен тілдесудің орайы келді. Қала тұрғыны бес жыл бойы "Ата жолы" ағымының жетегінде жүреді. Банктен несие де алған, жұмыссыз қалып, кейде ішер тамақ таппай, айналадағы туған-туыс, дос-жараннан айырылған күндер болды деп отыр. Оған "сенің бойыңа қасиет қонады, кісі емдейсің, аруақтармен тілдесетін боласың" деп сендіреді жат ағымды ұстанушылар:
– Осыдан тоғыз жыл бұрын ден саулығым сыр беріп, ауыра бердім, – деп еске алады өткен күндерін Фариза, – Жұмыста әріптестерім "Ата жолы" туралы айтып жүрді, бәріміз бірге сол ұйымның мекенжайын тауып алып, барып жүрдік. Қасымдағы қыздар бір-екі рет барғаннан кейін баруларын қойды. Ал мен болсам, олардың шырмауына қалай түсіп қалғанымды білмей қалдым. Кейін өз қаражатыммен Түркістанға бардым. Ондағылар маған адам емдейтін қасиет қонғалы жүргенін айтып сендірді.
Уақыт өте алданғанын білген Фариза ҚР тәжірибелі психологтар қауымдастығы жанындағы деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығына құқықтық және психологиялық көмек сұрап келеді. Осында оған білікті мамандар көмектесуде.
– Фариза сияқты жат ағымдар мен қаржылық пирамидалардан жапа жеккендер жеткілікті. Соңғы үш жылда әсіресе "Иегово Куәгерлеріне", "Ата жолына", "Кю-Нет" компаниясына шағымданушылар көп. Қомақты несие алып, қайтара алмай бізден көмек сұрап келіп жатқандар аз емес. Тіпті, өз-өзіне қол салғысы келгендер де болған, – дейді Юлия Калюжная.
Орталықта жалғыз ұлынан айырылған ана басынан өткен оқиғаны айтып отыр:
– Менің ұлым "Жетінші күн Адвентистер" ұйымына кірді. Аз ғана уақыттың ішінде баламның мұнша өзгеріп кеткенін өзім де аңғармай қалдым. Той тойлауға, телебағдарламалар көруге, әдеби кітаптарды оқуға қарсы бола бастады. Кофе, шай, сер-гітетін сусындар ішуге қатаң тыйым салды. Әттең, ұлымды сол ұйымнан шығарамын дегенше, жас ғұмыры кілт қиылды.
Орта жастан асқан отағасы да өзге діни ұйымға кірген қызының тағдырына алаңдаулы:
– Қызым "Кришна" ағымына кірді. Мектепті өте жақсы бітірген еді. Көз алдымызда өзгеріп бара жатыр. Бізбен бірге тамақ ішпейді. Қаладағы бір фирмада есепші болып жұмыс істейтін еді, ол жұмысынан шығып қалды. Ет және жұмыртқа қосылған тамақтарды жемейді. Оның денсаулығы мені қатты ойлантады. Осында жат діннің жетегінде жүргендерге көмектеседі деген соң, жолдасымыз екеуіміз психологтардан кеңес алып жүрміз, – дейді ол.
– Өз басыңыз күмән тудыратын ақыл-кеңес беретін бейтаныс адамдармен жуыса бермеңіз. Қазір бұрынғыдай көшеде жүріп, үйіңізге келіп, діни үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған. Ондай жағдайға тап бола қалсаңыз, облыстық дін істері басқармасына немесе біздің орталыққа 114 немесе 8 (7142) 54-09-55 телефондары арқылы хабарласа аласыздар, – дегенді ескертеді Юлия Калюжная.
Түйін. Жат ағымдардың кесірінен қазір қанша адамның өмірі қор болғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені, атауы бөлек болғанымен мақсаты ортақ діни бірлестіктерден көз сүрінеді. Ал, дәстүрлі емес діни ұйымдардан жапа шеккендер үшін 114 нөмірінде арнайы мамандар қызмет көрсетеді, заң тұрғыда кеңес береді.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерде: Орталық жетекшісі Юлия Калюжная; орталық өткізген тренингке қатысушылар.