Қазағымның Қасымы еді
Мемлекет және қоғам қайраткері Қасым Қажыбайұлы Төлебеков туралы сөз
1.Өр тұлға
Биыл қоңыр күздің басында Алматы қаласында өз заманының өр тұлғасы, Қазақ елінің көрнекті қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Қасым Төлебеков дүние салды. Ауыр қазаға байланысты Елбасы көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Қасым Қажыбайұлының еліміздің гүлденуіне қосқан елеу-лі үлесін ашып айтты. «Асқан ұйымдастырушылық және іскерлік қасиеттерінің арқасында ол еңбек жолының басында-ақ өзін білімді де білікті басшы ретінде көрсетті. Жоғары қызмет пен лауазымдар тізімінде оның Шымкент және Алматы облыстарын басқарған кезеңі алтын әріптермен жазылған» деп атап көрсетеді Президент.
Алматыдағы қоштасу рәсіміне қала әкімі Ахметжан Есімов, жұртшылық өкілдері, Қасекеңнің туған-туыстары мен қызметтес жолдастары қатысып, Қазағымыздың Қасымын соңғы сапарға шығарып салыпты. Азалы жиында азаматтың жақсы істері, ел алдындағы еңбегі, қамқорлығы, кісілігі мен кішілігі, ізеті мен қайы-рымдылығы, өр мінезі мен өктем үні туралы талай естеліктер айтылыпты.
Қасым ағаны Қостанай жұртшылығы да жақсы білетін. Өйткені ол 1981-1987 жылдар аралығында құт қонған осы құйқалы өңірде еңбек етті. Алдымен облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, кейін облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болды.
Бұл облысты ұзақ жылдар бойы басқарған Андрей Бородиннің құрметті демалысқа шығып, орнына Василий Демиденконың келген тарихи кезеңі еді. Бородин облысты бүкіл ен байтақ Кеңес Одағы дамып, ірі құрылыстар салынып жатқан кезде басқарды. Ол кездегі экономика бір орталыққа бағынған, жұмыс әкімшілік-әміршілік сипатқа ие болған кез еді, солай болса да даму қарқыны серпінді болатын. Андрей Михайлович сол дәуірдің, сол экономиканың бел баласы, сол режимнің қалыптастырған тұлғасы-тын.
Ел ішінде ДВП атанған Демиденко Василий Петрович те сол дәуірдің адамы. Ол да Бородин сияқты Социалистік Еңбек Ері, Андрей Михайловичте сегіз Ленин ордені болса, Василий Петровичте мұндай жоғары награда – төртеу. ДВП өз өтінішімен құрметті демалысқа 58 жасында кетіп, Москваға қоныс аударды. Өйткені ол сол кездегі демократиялық өзгерістер талабын түсінбеді және оны қабылдай алмады.
Қасым Қажыбайұлы болса Қостанайға сол Демиденкомен бірге келді, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды.
2.Өмірдерек
Қасым ағамыз 1935 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген екен. Алматы зоотехниялық-мал дәрігерлік институтын және Қазақтан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. Солтүстік Қазақстан облысы Булаев, Сергеев және Преснов аудандары кеңшарларында зоотехник, бас зоотехник, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Бескөл аудандық атқару комитетінің төрағасы, Булаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген.
Қостанайға 1981 жылы келді. Облыстық партия комитеті екінші хатшысы қызметінен облыстық атқару комитетінің төрағалығына жоғарлатылды. Ал 1987 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1988 жылы Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жемісті еңбек етті.
Кеңес Одағы ыдырап, Коммунистік партия таратылғаннан соң ол республика ауыл шаруашылық министрінің бірінші орынбасары болып, осы қызметтен зейнеткерлікке шықты.
Қасым Қажыбайұлына Отан алдындағы ерекше еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, ол екі мәрте Ленин орденімен, Октябрь революциясы орденімен, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған еді.
Қасекеңді көзіміз көрді, талай сөзін естідік. Облыстық партия комитетінің бір бюросында мені осы «Қостанай таңы» (ол кезде «Коммунизм таңы») газеті редакция-сы ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі – редакция алқасының мүшелігіне бекітуге тиіс еді. Алдында бүкіл бюро мүшелерінің алдынан өтіп, батасын алған едім. Бірақ мәжілісті жүргізіп отырған В.П.Демиденко журналистік қызметке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сұрақтар беріп, сорымды қайнатты, жекіді, жер қылды… ақыры менің мәселемді келесі бюроға қалдырды.
Жүрегім шайлыққан, келесі бюроға қобалжып кірдім. Бұл жолы тізгінді екінші хатшы Төлебеков ұстапты. Маған қарап, мырс етіп күлді де, «Желаю удачи!» деп жүзіме қарады. Мен оның сол жылы көзқарасынан бірінші хатшының дөрекілігі мен жүгенсіздігі үшін кешірім өтінгендей қалпын таныдым.
Жайшылықта қатаң, дөрекілеу көрінетін, қазақшадан гөрі орысшаға бейім Қасекеңнің ұлтжандылығы, іскерлігі, отансүйгіштігі туралы онымен істес болған жандар жыр қылып айтады. Солардың кейбіреуіне сөз берейікші.
3.Ұлағат
Оралхан ТАҢЖАРЫҚОВ,
«Береке-Таң» ЖШС-ының директоры,
Меңдіқара ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері
– 1984 жылы мен «Қаратал» кеңшарында бас зоотехник қызметін атқарып жүр едім, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қасым Төлебековтың ұсынысымен «Ақсуат» кеңшарына директор болып тағайындалдым. Қасым Қажыбайұлының сонда айтқан сөзі әлі есімде:
– Мал соңында салпақтап жүре бересің бе, ұсынған қызметке бар, түбі бұдан да жоғары қызметтерге даңғыл жол ашылады, – деді ол менің қипақтап тұрғанымды сезіп.
Кейін айтқаны келді. Меңдіқара ауданындағы ең іргелі шаруашылықтардың бірі – Брежнев атындағы кеңшарға директорлыққа тағайындамақ ниетпен обкомның бірінші хатшысы В.Демиденконың алдына алып келді.
– Оралхан Әбдірахманұлына қиын учаскені, жұмыс ауқымы үлкен шаруашылықты беру керек, әйтпесе көлемі шағын Ақсуатта толысып кететін түрі бар, – деп күлді.
Ол біздің жас шағымыз. Расында да толысып кеткен тұс еді.
Василий Петрович Қасекеңмен келісті. Сөйтіп мен егіні де, малы да көп, аудан орталығында орналасқан кеңшарға директор болдым.
Қасым Қажыбайұлы жиі-жиі хабарласып, қамқорлық көрсетіп жүрді. Еңбекті бағалады, директорлық қызметке келген әрбір адамға ерекше ілтипатпен қарады.
Мысалы, өзім еңбек еткен «Қаратал» кеңшарының директоры Өлеңді Мәмбетов өз өтінішімен қызметтен кетпек болып, арыз бергенде, обкомға шақырып алып, байыппен әңгімелескенін білемін. «Аудан басшысымен келісе алмай жүрсеңіз, бөтен ауданға ауыстырайық, Федоров ауданында бірде бір қазақ директоры жоқ, сонда барыңыз», – депті. Одан бас тартқан Өлеңді Төлегенұлына «Онда облыстық совхоздар басқармасына экономист қылып алайық, пәтер берейік», – деп те ұсыныс айтады.
Өлеңді ағамыз бауыр басқан мекеннен кеткісі келмейді.
Мұның өзі Қасым Қажыбайұлының басшы кадрларға деген шынайы жанашырлығының жарқын көрінісі ғой. Сондай қамқорлықты өзіміз де талай сезіндік. Сондықтан да біз абзал ағаны жиі еске алып, оның өнегелі істері туралы айта жүреміз.
Сайран Бұқанов,
«Қарқын» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, Қостанай облысының құрметті азаматы
–1984 жылы мен Меңдіқара ауданы «Ақсуат» кеңшарында директор болатынмын. Бір күні обкомның екінші хатшысы Төлебеков шақырды, келдім.
– «Ақсуат» деген шағын ұжым, сенің енді кең көсілетін кезің келді, өзің жақсы білетін «Харьков» кеңшарына бар, ол іргелі шаруашылық, бұрын-соңды онда қазақ басшысы болған жоқ, біз кімнен кембіз? – деді.
Мен келістім.
Жұмыс ойдағыдай жүріп жатты. Бірақ кейбір мамандар ауа жайылып, немкеттілікке салынған екен. Өзгелерге сабақ болсын деп бас мамандардың бірін жұмыстан қудым. Мұны естіген Қасекең телефон соғып, ақылын айтты:
– Мен сені сондағы бас мамандармен тіл табысып, тізе қосып, еңбек етсін деп жібердім, қызметтен қуу үшін көп ақыл керегі жоқ, сен сол кадрды тәрбиеле, сенім білдір, қабілетін аш – бұл да басшының басты міндеті, – деді.
Міне, ағаның осы ақылы менің көңілімнен ешқашан шыққан жоқ, бүкіл өмірімнің заңына айналды.
Есмұқан МАХМЕТОВ,
Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің профессоры.
– 1984 жылға дейін әртүрлі шаруашылықтарда зоотехник, бас зоотехник болып еңбек еттім. Бір күні Төлебековтің қабылдауында болдым. Қасекең маған Әулие-көл ауданындағы әйгілі Сұлукөл асыл тұқымды қой заводының тізгінін ұстауды ұсынды. Өзім еңбек етіп жүрген Қарасу ауданы «Бақан» кеңшары да қой өсірумен айналысатын, сондағы тәжірибемді ескерсе керек, ағалық ақ тілегін айтты.
– Сен енді облыстағы 47-інші қазақ директорысың, – деді қолымды қысып.
Бұған дейін облыстағы екі жүзден астам кеңшар-ұжымшарларды басқаратын жандардың көпшілігі өзге ұлт өкілдері еді. Директор қызметіндегі қаракөздер саны бар болғаны он екі болатын.
Қасекеңнің сөзінен аңғарғаным, бұл жай оның қабырғасына батып жүр екен ғой. Осы Сайран Бұқанов, Орал Таңжарықов, Ибраш Естаев, Елубай Аманжолов, Бақытжан Кәрімов сияқты облысқа белгілі азаматтар сол Қасекеңнің сенім артқан директорлары еді.
КОКП-ның ХХVІІІ съезіне делегат болып сайланып, Кремльде Қасекеңмен кездесіп, сырласудың да сәті түскен еді. Ол Бас хатшы М.Горбачевтың көзінше бот-сотты езіп кеткен Армения Компартиясының екінші хатшысын бір сөзбен орнына қойып еді. Сол патшағар Қасекеңнің үстінен Назарбаевқа шағым түсіргені бар.
Совхоздан кейін облыстық ауыл шаруашылық басқармасына басшылық еттім, ғылыммен айналысып, диссертация қорғадым. Соның бәрі үшін мен өзімді қазағымыздың Қасымына қарыздар санаймын.
Ибраш ЕСТАЕВ,
«Жарқын Жаркөл» ЖШС директоры, экономика ғылымының кандидаты, облыстық мәслихат депутаты
– Қамысты ауданындағы «Бестау» кеңшарын кезінде есімі елімізге әйгілі ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы, Ленин орденді ағамыз Жағыпар Ақбасов басқарды. Сол тұста «Бестаудың» да аты алысқа кетті. Обкомның бірінші хатшысы В.П. Демиденко Жәкеңді қояр да қоймай жүріп, аудандық атқару комитетінің төрағалығына ұсынды.
Араға бірер жыл салған саң осы Қасым Қажыбайұлы «Бестау» тізгінін маған ұстатты.
– Шаруашылықты білесің, жассың, жігерлісің, тартынба, көмектесеміз, – деп сенім артты.
Сол «Бестауда» жүріп, ауыл шаруашылығын ұйымдастыру және оның экономикасына терең бойлап, аянбай еңбек еттік, сонда жинақтаған тәжірибе, көңілге түйген түйткілдер, ізденіс кейін ғылыми жұмыс жазуыма себепші болды.
Кеңес Одағының ыдырауына байланысты бұрынғы қалыптасқан жүйе істен шығып, шаруашылықтар тым қиын жағдайда қалғанда бұл үрдіс шалғайдағы «Бестауды» да айналып өткен жоқ.
Бірақ біз нарық жағдайында жұмыс істеуді де сол бір қиын кезде үйрендік. Мұның серіктестікке жетекшілік етіп жүрген бүгінгі күнде тигізіп жүрген пайдасы зор.
Менің маман, басшы ретінде қалыптасуыма Қасекеңнің тигізген әсері орасан еді.
Мұхамеджан ЖЕТПІСБАЕВ,
мемлекеттік қызмет ардагері, ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты
– Мен 1984 жылы облыстық партия комитеті ауыл шаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалдым. Ол кезде облыстық комитетте ауыл шаруашылығына жетекшілік ететін Қасым Төлебеков еді. Өзі де жоғары білімді маман, талай жыл кеңшарда бас зоотехник болған, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары ретінде мал шаруашылығына жауапты болып, орасан зор тәжірибе жинақтаған кісі болатын.
Ол егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытуға да орасан зор көңіл бөлді. Сонау Хакасияға барып, қой шаруашылығын дамыту тәжірибесін үйрендік, Белгородқа барып, құрғақ сүт өндіру тәжірибесін Қостанайға әкеліп, Лисаков пен облыс орталығынан завод аштық. Эстонияға барып, мал қораларын зарарсыздандырудың тиімді әдістерін үйрендік. Осындай және де басқа көптеген іргелі істердің ұйтқысы осы Қасекең еді.
Обкомда кейде жұмыс аяғында бөлмесіне шақырып алар еді. Қызмет бабындағы емес, жәй күнделікті күйбің тіршіліктің әңгімесін айтар еді Қасекең. Өзінің қиын балалық шағын, балалар үйіндегі өмірінен сыр сабақтайтын. Жазуды сол қолымен жазатын. Аяқ астынан телефон шыр етсе қаламын алып, бірдеңелерді түртіп қоятын.
Көбіне орысша сөйлессе де, ұлтжанды еді. Қазақтың талай азаматтарын көтерді. Барынша әділ, ретсіз әрекетке бармайтын.
Бірде облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде Рудный балалар үйіндегі төтенше жағдай талқыланды. Бүлдіршіндер уланып қалса керек. Бар кінәні облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы Жеңіс Қожмұханбетовке артатын түрі бар. Бюро мүшелерінің көпшілігі осындай бағыт ұстап, Жеңісті жұмыстан қуу керек десіп жатыр. Сол сәтте Қасым Қажыбайұлы орнынан тұрып:
– Сонау Рудныйдағы балабақшадағы баланың кружкасында не бар, оған жауапты сол қаладағы лауазымды тұлғалар берсін. Ол үшін Жеңіс Әйтімұлын кінәлау мүлдем ретсіз, – деп талқылаудың екпінін басып, азаматымызды ақтап алып еді.
Ал Қасекеңнің мұндай әділдігі, адамға деген жанашырлығы туралы талай мысалдар келтіруге болады.
Осындай текті жанның жарқын бейнесін біз әрдайым есте сақтап, құрметтейтін боламыз.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕРДЕ: Қасым Төлебеков; өткен күннен бір белгі: облыстық партия комитетінің хатшысы И.Давыдов, П.Черныш, Кеңес Одағының халық әртісі Н.Крючков және екінші хатшы Қ.Төлебеков.