4,1 млн тонна астық орылды
Қостанай облысының диқандары астық ору жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Республиканың ең алып астықты өлкесі жиын-терім жұмыстарын тәмамдап отыр. Биыл ауа райы дақылдың өсіп-жетілуіне аса қолайлы бола қойған жоқ, жаз мезгілінде жауын-шашын да, аптап ыстық та аз болды.
Дей тұрғанмен, саланы цифрландырудың, агротехнологияның жоғары деңгейінің, оның ішінде ылғал ресурсын сақтау құрылғыларын қолданудың арқасында облыс диқандары 4,1 млн тонна астық жинай алды. Орташа есеппен алғанда, шығым көлемі гектарына 10,2 центнерден келді. Жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1 млн тоннаға артық.
Желілік астық қабылдау кәсіпорындарына 871 мың тонна астық құйылды. Әкелінген бидайдың 82%-ы 3-класқа жатқызылды, оның 60%-дан астамындағы дән желімтегі 28% және одан жоғары.
Облыста өндірісті цифрландыру, технологиялық процестерді цифрландыру есебінен қайта өңдеу кешендері жаңғыртылып, осындай жаңа ірі нысандар іске қосылуда.
Осыған байланысты жиылған 4,1 млн тонна астықтың 60%-ы немесе 2,5 млн тонна бидай қайта өңдеуден өтеді, 1,2 млн тонна ұн экспорттау жостарланып отыр.
Қазіргі уақытта "Продкорпорация" ҰҚ" АҚ-на форвардтық сатып алу бойынша астық тапсыру жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр. Келесі жылдың өніміне 530 мың тонна тұқым толық көлемде себілді, топырақты зябльдік өңдеу жүргізілуде, 1 млн гектардан астам бу дайындалды.