Президент: “Оқ атуға бұйрық беріп, жауапкершілікті өзіме алдым”

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Хабар" телеарнасына берген сұқбатында терроршыларды ескертусіз атуға берген бұйрығына қатысты сұраққа жауап берді.
«Осы жағдайда құқық қорғау органдарының іс-қимыл жоспарының бірыңғай алгаритмі болмады. Ашығын айту керек, тәртіпсіздік болды. Құқық қорғау органдарының басшылары өздеріне жауапкершілік алудан қауіптенді. Мен оларға Рокоссовский немесе Жуковтың әрекетін мысалға келтірдім, яғни олар күн сайын Сталиннен қандай да бір іс-қимылдар үшін рұқсат сұраса, олар соғыста жеңіске жетер ме еді? Бұл жағдайда өздеріне жауапкершілік алу керек болды. Біздің заңдар осылай болып тұр, Жаңаөзендегі оқиғадан кейін дәл осындай жағдайларда құқық қорғау органдарын еркіндігі жоқ ахуалға түсіретін заңдар қабылданды. Сондықтан жаппай мәлімдемеге дейін қарулы бандиттерге оқ ату керек екенін айтып, жауапкершілікті өзіме алдым. Ал үндеу жасаған кезде бұл мәселені көпшілікке қайталап айттым», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жағдайда Президент өзіне жауапкершілік алуы керек екенін жеткізді.
«Мен кәсіби дипломатпын ғой, ахуалдың салдарын, дәл осындай реакция болатынын білдім. Атап айтқанда, мемлекеттің мүддесі, біздің азаматтардың қауіпсіздігі мен үшін жоғары тұрады. Бұл жағдайда батыс елдерінің реакциясын емес, өзіміздің мемлекеттегі жағдайды тәртіпке келтіруді ойладым», – деді Президент.
«Одан кейін «Ол бейбіт шерушілерді атуға бұйрық берді» деген сияқты болған оқиғаны басынан аяғына төңкеріп талқылау қажет емес. Ол кезде алаңдарда бейбіт шерушілер қалмаған болатын. Ондағылар бұзақылық жасап жатқан, тонауға барды. Бандиттер тарапынан айрықша қатыгездік байқалды», – деген Президент тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайтын құзырлы органдардың сол кезде қалай әрекет еткенін еске алды.
«Төтенше жағдай режимі енгізілген кезде басқарушы ұйым Ішкі істер министрлігі болады. Төтенше жағдай режимі антитеррористік операция режиміне ауысқан кезде басқарушы ұйым Ұлттық қауіпсіздік комитеті болуы керек. Мұндай ауысымды іске асыру өте қиын. Олар істерді өткізіп, кеңесіп жатты. Мен айттым: «Жолдастар, тыңдаңыздар, соғыс болып жатыр, ал сіздер мәжіліс құрып отырсыздар. Сіздерге көтерілісті басудың бүкіл жауапкершілігін өз бөлімшелеріңізге алуға бұйрық беремін. Ал мен сіздерге енді тек Жоғары Қолбасшы ретінде ғана емес, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде пәрмен беремін» деп айттым», – деді Президент.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓