«Құс жолы»
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында ХХІ маусымның ашылуы өтті. Араға жеті ай салған үзілістен кейін Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» повесінің негізінде жазылған «Құс жолы» пьесасының премьерасын көрерменге ұсынып отыр.
Бұл спектакль өнер ұжымының биылғы маусымын жабу керек болатын, бірақ пандемияға байланысты көрерменмен бүгін табысты. Режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдықадыров.
Кеңес үкіметі орнап, ел енді оң-солын таныған жаймашуақ күндерді фашистердің басқыншылығы бұзып жіберді ғой. Соғысқа бір отбасынан төрт адам – әкесі мен үш ұлы аттанғанда, үйде қалған әйелдің халінің қаншалықты болатыны айтпаса да түсінікті. Жалпы, мұндайда жесір қалған ақ жаулықтылар мен жетім қалған жеткіншектердің тағдыры қалай болады? Олардың көрген қиындықтары, жеңіске деген үміт отының сөнбеуі, ұрпақ сабақтастығы және сол ұрпақ жалғастығының қандай жолмен келетіні көз алдыңызға дәлме-дәл келіп тұр. Адамзат баласына барын берген, сол жұмыр басты пенденің қуанышын да, қайғысын да, кінәсі мен күнәсін де көтере білген Жер-Ананың кеңдігінің қаншалықты қадірлі екенін көрермен болып барсаңыз ғана түсіне аласыз. Сондай-ақ, кеңес үкіметінің ұлтсыздандыру саясаты да шығармада көрініс тапқан.
Айрықша айта кетерлігі, сахнадағы әртістердің басым бөлігі – жастар. Тіпті, олардың қатарында оқуын енді аяқтап, труппаға биыл ғана қосылған жас өнер иелері бар.
– Театр ұжымы өзінің жоғары кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, репертуарын кесек туындымен толықтырып отыр. Көрермен қауым спектакльге дейін өнер ордасының жаңадан ашылған мұражайын тамашалап, театр тарихымен танысты. Алдағы уақытта өнер қарашаңырағының 20 жылдық мерейтойы аталып өтіліп, өнер қайраткерлеріне құрмет көрсету жоспарланған, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтау сөзінде.
Премьера негізінен 2-3 қазанға жоспарланған. Алайда келушілердің көптігінен 4 қазан күні де қойылым сахналанатын болды. Санитарлық талаптар қатаң сақталатындықтан, көрермен арасын бір орын бөліп тұратынын ескерткен жөн.
Қойылым барысындағы суреттер спектакль саундтрегінен алынды.