Анаға құрмет – ардақты міндет
"Нұр Отан" партиясы Қарасу аудандық филиалының ұжымы жергілікті зейнеткерлерді Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтады.
Партияның белсенділері "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы аясында жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне барып, қариялардың қал-жағдайын сұрады. Жастар тарапынан құрметке ие болған жандардың бірі – Зылиха Ноғайбаева. Қарт ана – 95 жаста. Бүгінде ауданға қарасты Восток ауылында тұрып жатыр. Әжей бар ғұмырында сауыншы болып еңбек еткен. Соғыс уақытында мал азығын дайындау жұмыстарына бір кісідей үлес қосыпты.
– Жұрт қатарлы мал бағып, семіртіп, кейін Троицк қаласына дейін жаяу айдап баратынбыз. Сол жерден ірі қараның етін майданға жіберді. Ұрыс даласындағы ер-азаматтарды азық-түлікпен қамту елде қалған әйелдер мен бала-шағаның мойнында болатын, – деді Зылиха әжей.
Нұротандық еріктілер әжей айтқан әңгімені ұйып тыңдады. Жасы үлкеннің жағдайын сұрай келген жастарға әжей де риза болды.
– Жыл бойы ҰОС-ның ардагерлері, тыл еңбеккерлері және зейнеткерлермен кездесу өткізетін боламыз. Себебі, ата-әжелеріміз ауыр тұрмысты бастан кешті. Олардың қилы тағдыры кейінгі толқынға үлгі-өнеге, – деді "Нұр Отан" партиясы Қарасу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Руслан Смаилов.
Қымбат
ДОСЖАНОВА