Тұрғындарға тіршілік көзін сыйлаған
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен бастау алған "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасы еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті жүзеге асып жатыр. Осынау бағдарламаның арқасында Сарыкөл бекеті мен Элеватор тұрғынның үйлеріне таза ауызсу тартылуда.
Аталмыш ауылды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі ағымдағы жылдың мамыр айында басталды. Бүгінде тоқырау жылдарынан бері тұп-тұнық тіршілік көзінен таршылық көрген 140-тан астам үйге су тартылды. Сапалы суға қолы жеткен ағайынның бұл бағдарламаға айтар алғыстары да шексіз.
– Бұл бастама – біздер үшін мереке болды. Себебі, бұрын біздер, жылу қазандығының суын қолдандық, ал одан кейін теміржол цистерналарынан алдық. Кейін келе суды сатып алуға көштік. Енді, міне, бұдан былай бәк, бөшкемізді арқалап, ауызсуды сатып алмайтын боламыз. Осылайша, екі иыққа жүк түсірген қиындық артта қалмақ. Біздегі су тартылып жатқан үй тұрғындарының бәрі балаша қуанып жүр, – дейді Привокзальной көшесінің тұрғыны, зейнеткер Иосиф Белейчук.
Мінеки, тұрғындарға тіршілік көзін сыйлаған "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасының берері мейлінше мол. Қазіргі таңда қарқынды жүзеге асырылып жатқан су құбырын тарту ісі ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін бұрынғы мұнайбазасында тұратын тұрғындарға жеткізілмек.
Руслан Әлкей
Сарыкөл ауданы