Табиғат аясына саяхат
Жақында жітіқаралық 25 мүмкіндігі шектеулі бала табиғат аясында демалып қайтты. «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі мен Жітіқара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері жеткіншектерді туған өлке табиғатымен таныстыру мақсатында саяхат ұйымдастырып, олардың күзгі табиғат аясында сергулеріне жағдай жасады. Ата-аналары болса балаларының осындай жерге шығып демалғандарына қуанышты.
Табиғат аясында балғындар үшін түрлі ойындар өтті. «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аруна Жақсағұлова қамкөңіл балалар үшін мұндай шараның қажет екенін айтады:
-Олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі керек. Мүмкіндігі шектеулі балаларға ешқандай көмек бере алмайтындығыңа қиналасың. Шын мәнінде, қоғам мұндай адамдарды белсенді түрде қабылдауы керек, – дейді.
Бұл күні әсіресе, тағдыр тауқыметін тартып жүрген мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін ерекше шара болды. Жітіқара ауданынан он шақырым қашықтықтағы орман ішінде таза ауада сергіді. Ұйымдастырушылар оларға ой-өрісін дамытатын ойыншықтар тарту етті. Балалар бір сәт болса да өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, тән мен жан жарасын ұмытқандай болды.
Шұға Қоңқабай