Күйшіге құрмет

Амангелді ауданында Төкен Елтебаев атындағы музыка мектебінің жанынан дәулескер күйші, сазгер, ұлағатты ұстаз, Торғай өңіріне танымал өнерпаз Ораз Мұқанұлы Қожасов атындағы кабинеттің ашылу рәсімі болды. Ашылу барысында айтыскер жас ақын Еркінғазы Айтбаев өзінің арнау жырымен шашу шашса, музыка мектебінің ұстаздары композитордың күйлерін орындап, рәсімінің ажарын аша түсті.
1d5897ac-b798-4399-8475-dcc867e8a74e
Аудан әкімі Әмірхан Асанов, күйші-композитор Айтбай Мұздахановтар қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, Ораз Қожасовтың өміріне тоқталып, кабинеттің ашылуына демеушілік жасаған Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, белгілі композитор Қалибек Деріпсалдинге рахмет айтты. 
Ораз Қожасовқа арналған кабинеттің ашылу рәсімінің лентасы қиылып, жиналғандар қабинетті аралап көрді. Кабинетте арнайы стенд жасалып, оған күйшінің өмірбаяны, өнердегі әріптестері, шәкірттері, сазгердің нотаға түсірген әндері мен күйлері, өзі жасаған аспаптарының суреттері ілініп қойылды. Күйшіге арналған кабинетті Қалибек Деріпсалдин өмірі мен шығармашылығын айқындайтын фотосуреттерден жасалған стендпен таныстырып, күйшінің шығармашылығы туралы естеліктер айтты. Мектеп ұжымына күйшінің ұрпақтары беріп жіберген үш домбыраны табыстады. Ораз Мұқанұлы туралы жазылған және өзінің соңғы шыққан кітаптарын сыйға тартып, жас дарындарға шығармашылық табыстар тіледі. 
WhatsApp Image 2020-09-10 at 14.51.57
–  Қостанай-Торғай өңіріне танымал талант иесі, дәулескер күйші, өнердегі әріптесім Ораз Мұқанұлы Қожасовтың артында қалған мұраларын жинап, жарыққа шығару менің басты міндетім болды. Ораз талантты күйші болуымен қатар, талантты композитор, домбыра жасаудың шебері еді. Саналы ғұмырында балаларға домбыра үйретіп, ұстаздық етті. Казіргі таңда оның тәрбиелеп шығарған көптеген шәкірттері өнер жолында биіктен көрініп жүр. Барлық өнерді бойына жинаған Ораз бауырымның өнегелі өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа үлгі-өнеге деп білемін. Мен ол туралы «Дәулескер күйші, композитор, ұлағатты ұстаз Ораз Мұқанұлы Қожасов» атты естелік кітап шығардым. Ол кітапта Ораздың шығармашылығындағы елге таныс 2-3 ән, 10 шақты күйі бар. Бұл кітапта өнерпаздың өмірбаянынан басталып, оның жора-жолдастарының, туыс-туғандарының, шәкірттерінің жазған естеліктері топтастырылған. Бұдан соң, өзі ұстаздық еткен Т.Елтебаев атындағы саз мектебінен кабинет ашуды ұйғарған едім, бүгін соның сәті түсіп отыр.Ендігі мақсатым, облыстық Ораз Қожасов атындағы домбырашылар конкурсын ұйымдастырсам деген жоспарым бар. Бүгінгі рәсімге жиналған қауымға үлкен рахмет айтамын. Әсіресе аудан өнерінің дамуына қолдау көрсетіп, үлкен істердің жанашыры болып, ауданымыздың жаңарып, жақсаруына халықты жұмылдыра білген аудан әкімі Әмірхан Асановқа алғысым шексіз. Сыртта жүрген біздер әрқашан туған жерге қолдау көрсетуге әзірміз, – деді ҚР Композиторлар Одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдин. 
WhatsApp Image 2020-09-10 at 14.51.54
Ия, күйші-композитор Ораз Қожасовты есте қалдыру мақсатында жасалып жатқан іс-шараның тәлім-тәрбиелік мағынасы өте зор болды. Торғай топырағынан шыққан таланттар аз емес. Соларды ұмытпай, еске түсіріп, олардың артында қалған асыл мұраларын ұрпаққа жеткізу – үлкен парыз.
 
Г.СМАЙЛОВА.
Амангелді ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓