ҚҰСЫ ҚЫРЫЛҒАНҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Үй құстары  құс тұмауынан қырылуда. Індет әсіресе, іргелес жатқан Солтүстік Қазақстан облысында өршіп тұр. Ауыл шаруашылығы вице министрі Гүлмира Исаеваның есебінше, жеке сектордағы шығын – 12 962 бас болса, СҚО-дағы бір ғана құс фабрикасы 41 мың құсынан қағылыпты.  Қанаттылардың қырылуы тек, Қызылжар өңірінде ғана емес, еліміздің бес облысында белең алған. Індет жайылған аймақтардың қатарында Қостанай облысы да бар.

Індеттің өршуіне байланысты арнайы онлайн баспасөз мәслихатын өткізген Ауыл шаруашылығы вице министрі Гүлмира Исаева құс тұмауының бес облыстың  47 елді мекенінде (Қостанай облысынан екі елді мекен) анықталғанын хабарлады. Бұл аймақтарда аса қауіпті ауру ошақтарын оқшаулау және жою жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жағдайды бақылап, қырылған құстың санын анықтайтын арнайы республикалық эпизоотиялық комиссия құрылды. Айтулы комиссия індет салдарынан үй құсынан қағылған тұрғындарға өтемақы төлеумен де шұғылданатын болады.

«Өтемақы алу тәртібі қарапайым: құсы қырылған шаруа иесі банктердің бірінен жеке шот ашады. Ал сол шаруа иесі тұратын аудан әкімдігінің ветеринарлық қызметі қырылған құстардың утилизациялық актісін береді. Осыдан кейін әкімдіктердің жанынан құрылған арнайы комиссия әр аймақ бойынша үй құсының (тауықтың немесе қаздың, үйректің) орташа бағасын шығарады. Осылайша, Эпизоотияға қарсы республикалық отряд тиісті мәліметтерді жинайды: мәселен жеке шаруа иесінің 10 бас құсы қырылса, онда сол аймақта белгіленген құстың орташа бағасы осы 10 құсқа көбейтіліп, шыққан сома үш күннің ішінде шаруа иесінің шотына түседі. Қазіргі уақытта, осы мақсатта 390 млн теңге бөлінді.

Құстардың қырылуы жабайы құстармен байланысты болып тұр. Қазіргі таңда жабайы құстар солтүстіктен оңтүстікке ұшып бара жатыр. Бұл құстар су қоймаларында болған. Оны үй құстары пайдаланып, ауру жұқтырған. Зертханалық жұмыстар жүргізілген соң, "құс тұмауы" деген нақты диагноз қойылды. Тиісті шаралар жүргізілді», – деді вице-министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, вице-министр арнайы вакцина бөлінгенін атап өтті.

"Республикалық қордан 1,4 милллион доза көлемінде вакцина бөлінді. Бұл 1,7 миллион құсқа екпе жасауға  мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша 1 миллион вакцина жеткізіледі. Ол 3,5 миллион құсты дәрілеуге жетеді", – деді Гүлмира Исаева.

Індеттің таралуына байланысты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресеймен шекаралас аудандардан құс еті мен өнімдерін әкелуге тыйым салғанын айта кеткен жөн.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓