«100 жаңа есім»: Қиындыққа мойымаған Малика
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мақсаттарының бірі – үшінші жаңғыру жылдарына қадам басқанға дейінгі Қазақ елінің тарихы, оның дамуы мен жетістіктері және сол жетістіктерге жетуге мүдделі болған әрі үлес қосқан тұлғалардың өмірін насихаттау болатын. «Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама азаматтарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез-келген статистикадан артық көрсеткіш» делінген Тұңғыш Президент мақаласында.
Сол мақсатта Елбасының бастамасымен «100 жаңа есім» арнайы жобасы қолға алынды. Аталмыш жоба өз жалғасын тауып, мыңға жуық тағылымды ғұмыр иелерінің есімдері ұсынылып, соның ішінен ең үздіктері анықталды. Бұл республикалық жобаға өткен жылы Қостанай өңірінен 104 үміткер қатысып бақтарын сынады. Солардың арасынан төрт қостанайлықтың есімі «100 жаңа есім» жобасына енді. Олардың қатарында арбада отырып билеуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Малика Мұхтарова да бар. Оның есімі бүгінде Қостанай жұртына таңсық емес. Арбаға таңылған оны мүлдем мүмкіндігі шектеулі жан деп айта алмайсыз. Өйткені, ол ерік-жігерімен кейінгі буынға үлгі болатын жан. ҚР 8 дүркін чемпионы, әлемнің 2 дүркін қола жүлдегері, Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына есімі жазылған, «Жан Шуақ» қорының және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының лауреаты.
Өткен бейсенбі күні «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Лисаков қалалық мәдениет және спорт орталығының би залында «Жұлдыздай жарқыраған» атауымен Малика Мұхтаровамен кездесу өтті. Жиынға кеншілер қаласының күндізгі бөлім тәрбиеленушілері мен қалалық мүгедектердің ерікті қоғамы қоғамдық бірлестігін қарасты балалардың ата-аналары қатысты. Кездесу барысында Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Ғабдрахманов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы айтып берді. Ал «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Айман Қадырханова «100 жаңа есім» жобасының мақсаты және міндеттеріне тоқталып, сөз кезегін кездесу қонағы Малика Мұхтароваға берді.
-Бала кезімде ән айтқанды ұнатушы едім. Алғаш рет жеті жасымда елордада өткен «Екі жұлдыз» байқауына қатысып, бірінші орынға ие болдым. Содан кейін өңіріміздегі «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі туралы естіп, дайындыққа барып жүрдім. Репетициялардың бірінде бірлестік төрайымы Аруна Рахметоллақызы менің бойымдағы ерекшелікті байқап, арбамен билеу сабақтарына келуді ұсынды. Басында бұл спорт туралы түсінік мүлде болған жоқ. Бірақ бірінші жаттығудан кейін споршылардың қаншалықты әдемі қозғалатынына таңдандым. Сол кезде Қазақстан Кубогына дайындық жүріп жатты, бишілер еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Сол жерде мені керемет атмосфера баурап алды. Менің арбадағы бал билеріне деген қызығушылығым осылай басталды, – дейді кейіпкеріміз.
Чемпион немересінің музыкалық талант пен шығармашылыққа бейімділігін алғаш байқаған оның әжесі екенін айта кету керек.
Малика жайлы көптеген мақалалар жазылып, бейнесюжеттер түсірілді. Дегенмен, кездесудің жөні басқа. Қаршадай қыздың өмірге деген құлшынысы мүлде бөлек. Малика қайдан күш алады, оны не шабыттандырады деген сұраққа жауап кездесуге қатысушыларды көбірек қызықтырды.
-Әрқашан алға ұмтылу керек, тұңғиыққа берілмеу керек. Егер қарындашыңыз сынып қалса, сіз сурет салудан бас тартпайсыз ғой? Сол сияқты бастаған істің соңына дейін баруға, мақсатқа жетуге кеңес беремін. Тәуекелге бару үшін өзіңді жақсы көру керек,- дейді ол.
Кездесуде ол өзі сияқты құрбыларына арбада отырып, билеуден шеберлік сағатын көрсетіп, «Мереке» әнін шырқап берді.
Әсерлі кездесуден кейін жас талантқа «Лисаковск – это мы» кітабы мен «Lısakov jastary» журналы табыс етілді. Жиналғандар естелік суретке түсті.
Лисаков қаласы.
Суреттерді түсірген Елена СПОДАРЬ.