Түсіндіру жұмыстары жалғасады

«Нұр шаңырақ» қоғамдық қоры латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін ілгерілету бойынша әлеуметтік жоба жұмысын бастады. Жобаға жергілікті филолог-ғалымдар қатысатын болады. Олар биыл облыс аудандарын аралап, жаңа әліпбидің әлеуеті мен мән-маңызы туралы ғылыми-танымдық жиындар өткізбек. Бұл туралы бүгін аймақтық коммуникация қызметі орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Кенжеғали Бимағамбетов мәлім етті.кенжегали
(Сурет сайт архивінен алынды)
Баспасөз конференциясында жаңа әліпбиді қоғамдық ойталқыға салу, оның маңызын халыққа түсіндіру барысы сөз болды. Бұл бағытта, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Мәселен, биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде аудандық БАҚ-та 365 латын әліпбиіне арналған мақала, электрондық БАҚ-та 84-тен астам материал эфирге шыққан. Мұның сыртында, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерде 1 мыңнан астам тақырыптық мақалалар, ой-пікірлер жарияланған.
Тілдерді дамыту басқармасы өткізген сауалнама қорытындысы бойынша, өңір тұрғындарының 65%-і төл әліпбидің латын графикасына өтуін қолдаған. Бұл бұған дейін жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі, – дейді басқарма мамандары.
Ал «Нұр шаңырақ» қоғамдық қорының жанынан құрылған ақпараттық топ Амангелді, Денисов, Жангелдин, Жітіқара, Қамысты, Қарасу, Меңдіқара, Таран, Ұзынкөл, Федоров аудандары мен Лисаков және Арқалық қалаларына баруды жоспарлап отыр. Басты мақсат – жергілікті тұрғындармен жүзбе-жүз сұхбаттасып, ой-пікір алмасу. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жобасына ат салысып жүрген ғалымдардың зерттеу еңбектерін, осы саладағы өзге де танымдық ой-тұжырымдарды халыққа тарату.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓