Жан айқай, жабырқаулы жай
Былтырғы жылы Юбелейный шағын ауданында қаншама үй салынып, баспанасыз жүргендер үйлі болды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тұрғындар жап-жаңа пәтерлердің кілтін алып, ой-хой шіркін, бұл аулада шағын той болған еді. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанып, бірін-бірі құттықтап, неше жылдан бері қол жеткізген баспаналарына шашу шашып, ерекше қуанышқа ие болды. Енді, міне, бір жыл да болмады сол жап-жаңа үйдің, нақтырақ айтсам, №47 үйдің тұрғындары жағалай шағамыдануда. Неге дерсіз? Себебі, үйдің құрылысы сын көтермейді. Терезелері шытынап, іргетасы жарылып, жертөледегі құбырлардан су атқылап, жағалай су жиналып жатыр. Кім кінәлі? Жауапсыз сауал.
Қыс болса қыр астында. Ал бұл үйдің тұрғындары ертеңгі күндеріне алаңдаулы. Шағымданып, дабыл қағып, талай жерге хат та жазған. Бірақ еш көмек жоқ. Істің мәнісімен танысып, көру үшін Юбелейный шағын ауданындағы 47 үйге бет алдық.
Бұл жаңа аудан. Жағалай салынған үйлер көп. Жарқырап тұр. Олардың сапасының қалай екенін білмедік, ал біз бет алған 47 үйдің тұрғындары күннің жауыны мен суықтығына қарамастан бізді күтіп тұр. Амалдары таусылған олардың айтары бар.
– Бір бөлмелі пәтердің кілті былтыр қолыма тигенде қуанышымда шек болмады. Бұл күнді қанша жыл күткен едім. Осы үйді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ТҚЖБ арқылы үш жыл ақша жинап алдым. 15 жылға айына 35 мыңнан төлеп тұрамын. Одан қалды пәтер ақысы бар. Желтоқсан айында қолыма кілт тиіп, бірден кірдік. Кірген бойда шамалы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әу бастан-ақ барлық бөлмелердің есіктері жабылмай қалды. Қалай болса солай істеле салған. Ақша шығарып, барлық есіктерді жөндеттім. Терезелер де жарылып, сынып кетті. Оны да ауыстырдық. Енді айтар болсам мұндай проблема барлық үйде бар. Сантехника, жылу батареялары, құбырлар дұрыс істелмеген. Олардың барлығын дұрыстасын деп осы үйдің ЖПИК-ке барсақ олар еш әрекет етпейді. Сосын тағы да өз ақшамызға істеттік. Айта берсек, мәселе көп. Осы үйге келетін жылудың құбырларын басында дұрыс орнатпаған. Соның кесірінен қыс бойы жылуға ақыны шаршы метріне қарай төлеп шықтық. Бұл дегеніміз екі есе қымбат. Жазда бәріміз бірігіп, прокуратураға, КТЭК-ке хат жаздық. Бірақ содан бері татымды жұмыстар атқарылмады. Алда қыс келеді. Ал біздің дайындық осындай, – дейді осы үйдің тұрғыны Г.Әмірхамзина.
Бұл үйді «Сыл» ЖШС салған екен. Олар үйді әкімдікке қазан айында тапсырған. Енді аз уақыттан соң кепілдік уақыты да бітеді.
– Осы үйді 11 жыл күткен едім. Екі бөлмелі үй алдым. Қуанып, тегін беріп жатқандай мәз болдық. Бірақ бір жыл болмай жатып қаншама қиындық туындап жатыр. Дәретхана дұрыс істелмеген, есіктер, терезелер жарылып жатыр. Жертөледе су жиналуда. Су ағып, осылай жинала берсе не болады? Мен екінші қабатта тұрамын. Көршімді үнемі су басады. Бірінші қабатта дымдану бар. Бәріне де оңай емес. Мысалы, мен ипотекаға айына 52 мың теңге төлеймін. Құрылысшылар келсе «арзан құрылыс материалдарымен салынған, енді не күтесіздер, жеңілдікпен берілген үйлер» дейді. Біз үйді тегін алып отырған жоқпыз ғой. Ақшасын төлеп жатырмыз. Бір жылда мынадай болса бара-бара не болады? – дейді Гүлнар Есмағанбетқызы.
– Мен бірінші подъезде тұрамын. Үйде жалпылай алғанда проблема көп. Ыстық су тоқтап қала береді. Болған күннің өзінде салқын су ағады. Үйдің шатыры мына желде ұшып жатыр. Ол ойнап жүрген балалардың басына түссе не болады? Үйдің қабырғасы, іргетасы жарылып жатыр. Өздеріне көрсетсек үй жаңа болған соң отырып жатыр дейді. Сапасыз, қалай болса солай салынған. Қабылдап алғанда неге осындай олқылыққа жол беріледі. Осы үйді салғандарға айтсақ, бар мәселені ЖПИК-ке айтыңдар дейді. Ал олардан қайыр жоқ, – дейді зейнеткер Қ.Райымбеков.
– Үйде ауа жоқ. Бір бітпейтін сасық иіс. Ауа айналымы болсын десек қай жерінен бітелгенін білмейміз. Жылу есептегіштері істемейді. Бұл үйде әр түрлі әлеуметтік топтағы адамдар тұрады. Неге осыны ескермейді. Жылуды шаршы метріне қарай төлеу оңай емес. Енді жертөлені көрсеңіз құбырлардан су сорғалап тұр. Ауладағы септик ұңғымасы толып тұр. Ол неге уақытылы тазартылмайды. Аула да жиналмайды. Міне, осы сияқты қаншама сұрақ, мәселе бар. Оған жауап беретін ешкім жоқ. ЖПИК өз жұмысын дұрыс атқармайды. Көңіліміз толмайды. Не себепті біз ай сайын ақша төлеп отырмыз егер ешқандай жұмыс істемейтін болса. Босатсын орнын, – дейді Сайраш Есенова.
Міне, тұрғындардың айтары көп. Көңілдері адлаңдаулы. Кімге бару керек, не істеу керек екенін білмей дал. Бұл мәселе БАҚ жарияланса бір көмегі тиіп қалар деп дәмеленеді. Ал осы жиынға жүгіріп келген ЖПИК басшысы В.Кузьмич болса мұның жартысы өтірік, атқарылған іс бар, біздің де қолымыздан көп нәрсе келмейді деп ақталуда.
– Қазір ыстық су жоқ, бірақ беріледі. Жылуға байланысты құбырларды дәнекерлергенде дұрыс істемеген, олар бірнеше рет істеді. Бұл мәселе шешілуі тиісті. Құрылыс жоба бойынша салынған. Бірақ осы жоба әсіресе элеваторға байланысты дұрыс құрылмаған. Сол себепті былтыр жылуды есептегішпен төлей алмадық. Бұл үйдің жылу құбырын «Сыл» ЖШС мамандарды жалдап, соларға тапсырған. Оны қабылдағанда дұрыс қарамаған. Қабылдап алған мамандар қазір жоқ. Сондықтан бұл мәселенің сұрауын кімнен сұрарымызды да білмейміз. Ауладағы септиік толық дейді, ол өтірік. Ол тазартылады. Неге бізге риза болмайтынын түсінбеймін, – деп ақталды ЖПИК басшысы.
Осы бетімізбен бәріміз жертөлеге түстік. Шынымен де құбырлардан су кетіп жатыр. Жағалай су жиналған. Құбырлар бір-біріне ілігіп қана тұр. Қағаз жапсыратын скотчтармен орала салған. Бізбен бірге жүрген ЖПИК басшысы не айтарын білмей, сасқалақтап, «Бұл жерде неге су ағып жатыр?» деп өз-өзіне сұрақ қоюмен болды. Бұл ЖПИК осы маңайдағы 4 үйді қарамағына алған.
- Су ағып жатқанына төрт-бес күн болды. Бұл үйді берген күннен осылай тұр. Мен білдім осылай тұрғанын бірақ не істей аламын. Бұрын су ақпайтын сияқты еді. Бұл мәселе де шешіледі. Тұрғындардың наразылығы дұрыс емес, - дейді.
«Сасқан үйрек артымен жүзеді» деуші ме еді. Расымен де ала жаздай бұл мәселе неге шешілмегені белгісіз. Қыс қыр астында тұрғанда шырылдаған тұрғындардың жайы не болмақ? Сауал көп болғанымен нақты жауап жоқ. Бір-біріне сілтейтіндер жауапкершілікті мойындарына алғысы жоқ. Ендігісі тұрғындардың жан айқайы тиесілі жерге жетіп, мәселе шешімін табады деп сенеміз.