Қостанайда Therma Park ашылды
Қостанайда Therma Park кешені іске қосылды. Нысанның ашылуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.
Үш қабатты ғимаратта түрлі 4 бассейн, 24 сауна және барлар бар. Kostanay Plaza сауда, ойын-сауық орталығына жапсарлас салынған кешеннің аумағы – 68 мың шаршы метр. Екі нысанның арасын дәліз байланыстырып тұр.
«Therma Park алаңы ауқымды: 18 мың шаршы метр. Сауда орталығының екінші ғимаратында 183 көлікке арналған автоматтандырылған паркинг және 600 көлікке арналған ашық тұрақ бар. Яғни, қос нысанның көшедегі тұрағына бір мезетте мың автомобиль сыйып кетеді», – деп таныстырды кешенді салушы фирманың директоры Игорь Ким.
Therma Park кешенінің басты ерекшеліктері – бірінші қабаттағы теңіз суы бассейні мен екі жылы хауыз. Соңғылары ашық аспан астында, кешеннің төбесінде орналасқан. Олар қыста да жұмыс істей береді. Екі бассейндегі ыстық судың температурасы 30 градус деңгейінде. Жан-жағы қоршалған. Қатты аязда ашық алаң үлдірмен (пленка – ред.) жабылады. Теңіз суы бар бассейндегі арнайы қондырғы тұзды (NaCl) Na+ және Cl-ге электролиз арқылы бөлуге мүмкіндік береді. Осылайша, тұздан суды залалсыздандыратын табиғи хлор шығады. Бұл суда жағымсыз иістің болмауына сеп.
Кәсіпкерлер жұртшылықтың жағдайын назарда ұстаймыз деп отыр. Әсіресе, қымбат шипажайларға баруға мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Зейнеткерлерге екі сағатқа кіру – 600 теңге, ал басқа басқа адамдарға сағаты – 800 теңгеден, 3 жасқа дейінгі балаларға тегін. «Шектеусіз» тариф бағасы – 3 мың теңге. Осынша төлем жасап, келушілер бассейндерге, моншалар мен сауналарға кіре алады. Массажға, басқа да процедураларға немесе ауқаттанып алам десеңіз, оған бөлек төлейсіз.
«Өздеріңізге белгілі, Kostanay Plaza нысаны 2017 жылы іске қосылды. Екі кешеннің жалпы көлемі – 99 мың шаршы метр. Мұндай ірі сауда, ойын-сауық кешендері біздің елде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана бар. Екі кешенде 250-ге жуық кәсіпкер бизнесін дамытады. Олар 1150 жұмыс орнын ашып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтарға барынша жағдай жасалған. Туристер көп келеді деп ойлаймыз», – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Нысан құрылысына жергілікті атқарушы билік жан-жақты көмек көрсеткен. Аймақ басшысының айтуынша, кешен жұмысын мінсіз ету үшін жеке ірі электр станциясы тұрғызылған.
Пандемия бәсеңдеп, жағдай тұрақталған кезде аталған кешенде бір мезетте 1600-ге дейін адам демала алатын болады.
СОО-да салынған Therma Park Ресейдің Ижевск қаласында да бар. Негізгі идея сол жақтан алынғанымен, Қостанайдағы кешенді жергілікті мамандар жобалаған.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ