Жандос Жүсіпбек: “Тілбұзарларды заң ғана түзей алады”

Тілдер күні қарсаңында ақын, журналист, халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, Меценаттар клубының "Шабыт" сыйлығының иегері, республикалық "Ең қысқа әңгіме" байқауының жеңімпазы, латын графикасын насихаттауға арналған "Кел, емле үйренейік" жобасы үшін облыс әкімі А.Мұхамбетовтің "Қанатты қалам" сыйлығын иеленген, бүгінде облыстық "Қостанай таңы" газетінде қызмет етіп жүрген Жандос Балғынбекұлы Жүсіпбекті әңгімеге тартқан едік.IMG_8483
Жандос аға, Әбділдә Тәжібаев атамыз:
"Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін!" –  деп, ана тілін ең басты құндылықтар қатарына қойғанын білеміз. Сіз төл тіліңізді өмірлік құндылықтарыңыздың  қай сатысына қояр едіңіз?
– Ұлттың құты – ана тілінде. Ал туған тілді құрметтемеу, оның қадіріне жетпеу – нағыз құтсыздықтың өзі, жетесіздіктің белгісі. "Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді", – демей ме әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов. Демек, әр адамның өз ұлтын сүюі туған тілін сүюден басталуы керек. Кейде қазақ тілінде сөйлемек тұрмақ, қазақша ойлай алмайтын, ана тілін білмегеніне арланудың орнына кінәні өскен орта, алған тәрбие, оқыған мектебіне арта салып, жайбарақат жүре беретін көптеген қаракөз бауырымызға қарап кейисің. Үйренуге ықыластары жоқ адамдардан құндылық туралы не сұрауға болады? Олардың орыс тілінде ұлттық рух, діл туралы көлгірсігені көк тиынға тати ма? Бұл маған тамырсыздықтың дәлеліндей көрінеді. Ал мен үшін, әлбетте, ана тілі ең басты құндылық! Әр қазақ осылай түсінсе, ол жалпыхалықтық құндылыққа айналса, лайықты деңгейіне көтеріліп, тұғырына қонар ма еді! Ақын Қадыр Мырза Әлише айтқанда, ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар болса, соның ең бастысы және ең негізгісі – ұлттық тіл. Осыны қаперде ұстауымыз керек! 
 
Жас та болсаңыз, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында әртүрлі жобаларды қолға алып, қоғамдық іске белсене араласып жүрсіз. Соның бірі –  "Қостанай таңы" газетіндегі "Көрген көзде жазық жоқ" айдары жөнінде айтып өтсеңіз?
– Меніңше, қазақ тілінде сөйлеп, жазып, қоғамдық пікірге араласу, оның тазалығын сақтау – мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосудың нақ өзі. Ол үшін филолог, ғалым, жазушы, журналист болу міндет емес. Әйткенмен, өзім журналист болғандықтан, бізден тілді сауатты, жауаптылықпен қолдану мейлінше талап етілуі тиіс деп ойлаймын. Ахмет Байтұрсынұлы: "Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау", – дейді. Сондықтан мұны қызмет барысында басты қағида ретінде ұстанамын. Ал, енді, ана тілді насихаттауға әртүрлі жоба арқылы үлес қосуға шама-шарқымызша тырысып жүргеніміз бар. Солардың бірі – өзіңіз сұрап отырған "Көрген көзде жазық жоқ" айдары. Көздегені – қала көшелерінде, қоғамдық орындарда көзіміз сүрінген қазақ тіліндегі қате жазба, орашолақ мәтіндерді сынға алу. Осы жоба арқасында көптеген ағаттықтың жөнделгенін ауыз толтырып айта аламыз… Жарымжан жарнамалармен, мүгедек мәтіндермен күрес әлі жалғасып жатыр. Шамасы, өз миссиясын толық атқарып, тезірек жабылғанын тілейтін айдарымыз осы шығар.
 
– Қазақ емлесін латын графикасына көшіру бағытында біраз зерттеу жүргізіп,  бірқатар мақала жаздыңыз. Үлкен жиындарға қатысып, нар тұлғалардың пікірін тыңдадыңыз. Жалпы, латын графикасына көшудің тиімді жолдарын атап өте аласыз ба?
– Әуелі айтарымыз, журналист пен тіл маманын шатастырмау керек шығар. Сондықтан біздің қолдан келері – латыннегізді әліпбиді зерттеу емес, қабылданған емлені қоғамға насихаттау, ықпыл-жықпылын халыққа анық-қанық, ұғынықты етіп түсіндіру, жеткізу. Әрине, ол үшін де ең әуелі жаңа әліпбидің ережелеріне, қыр-сырына терең үңіліп, санаға сіңіріп алу қажет. Акут белгісі енгізілген алғашқы емле ережесі қабылданғанда арнайы курстарына қатысып, үйренген-білгендерімді оқырмандарымызға талдап-тармақтап түсіндіруді қолға алғаным бар. "Кел, емле үйренейік!" атты айдар ашып, газеттің әр жұмадағы нөміріне қаріптердің дұрыс таңбалануын, орфография мен орфоэпияның жаңа заңдылықтарын саралап жазып, көрнекілік ретінде латын әріптерінен кроссворд құрастырып беріп отырдым. Оным оқырмандардан жақсы баға алды. Тіпті, бұл жобам облыстық байқаудың бас жүлдесін иеленгенін айта кетейін. Ал қазір бұл емле қайта қаралып, жетілдіріліп жатыр. Жаңасы қабылданып, түбегейлі бекітіліп жатса, айдарымыздың жұмысы жалғасын табады деген үміттемін.
            Ал, енді, латын графикасына көшудің тиімділігіне ой жіберіп көрелік. Бұл, біріншіден, жаһаният көшіне ілесудің төте жолы, озық отыздықпен үзеңгі қағыстырудың, ғаламдық ақпарат алмасудың оңтайлы тетігі. Ол жайында аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Екіншіден, санамызға нығыздалып енгізілген кирилл қарпінен алшақтап, ұлтымызға жат дыбыстардан арылып, төл үнімізді оралту. Мұның маңызын әзірге түсінгіміз келмейді, кейбір шеттілді сөздердің жаңа әліпбише айтылуын естісек, сықақтап күлеміз. Ол да уақытша. Үшіншіден, латыннегізді емле қазіргі қолданыстағы әбден пышырап кеткен емлені бірізділендіреді деген үміт бар. Жалпы, қалай болғанда да, бұл болашақтың әліпбиі. Ал оның іргетасын берік қылып қалап беру – бүгінгі біздің борышымыз.
 
Латын графикасына көшу мәселесінің қоғам пікірін екіге жарғаны белгілі. Нақты іс барысында өзге тілділер мен қазақ тілділердің арасы алшақтап кетеді деп қауіптенбейсіз бе? Осы олқылықты болдырмас үшін, қандай ұсыныс енгізер едіңіз?
– Ұлт үшін тағдыршешті, күрделі қадам жасаларда іркіс-тартыстардың, пікірталастардың, екіұшты көзқарастардың "қаулайтыны" қашанғыдан бар үрдіс қой. Бұған қоғамдық сананың даяр болмауы себеп шығар. Мұны көпұлтты мемлекеттің оң жамбасына келмейтін жобаға балайтындарды, мүлдем қажетсіз деп санайтындарды жиі көреміз. Көбі, әрине, аға буын өкілдері. Қиыншылықтарын ғана есепке алуға бейім. Тарихымызға үңілсек, қазақ даласында әліпби реформасы бұған дейін де болды емес пе? Сондықтан ықылас-ынта, ынтымақ болса, бұның да қиындығы еңсеріледі деуге болар. Әуелі мемлекеттік тіл өзінің лайықты мәртебесін алып, бүкіл іс-қағаздар тілі жаңа әліпбиге негізделсе, мемлекет құрушы ұлттың әліпбиі өз үстемдігін құрар еді деп ойлаймын. Президент айтқандай, қазақ тілін жалпыхалықтық тілге айналдыратын кез жеткені рас болса, өз пікірімше, болашақта латыннегізді әліпбидің жаппай қолданысқа ену ықтималдығына да үміт артуға болатындай. Ол енді келешектің еншісінде.IMG_8488
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қандай шараларды қолға алған жөн деп санайсыз?
Ақын Алмас Темірбайдың:
"Ана тілдің ертеңі аналардың қолында,
Аналардың ертеңі мыналардың қолында" – деп басталып, тіліміздің "қақпақыл" болып жүргенін меңзейтін өлеңі бар еді. Сол айтпақшы, "мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру" деген "жауыр" мәселе ширек ғасырдан астам уақыт жылдан-жылға көшумен келеді. Ауызбен орақ оруға "өйту керек, бүйту қажет" дейтін жауаптар дайын, бірақ соған лайықты сауалын қоя алмай-ақ қойдық. "Мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеу керек!" деп қаншама айтылып-жазылды. Бірақ "қалай?" "қай кезде?" деген сұрақ нысанасын тапты ма?.. Қазақшаны қалай болса солай қолданудың бір көрінісіне таяуда ғана өткен "Таза көшеге – таза жарнама" акциясы барысында тағы да куә болдық. Ұйымдастырушылардан сұрағанымызда, олар сыртқы жарнамаларды қате жазған тұлғаларға бір сыдырғы ескерту жасаумен ғана шектелетіндерін айтты. Өйткені ҚР "Тіл туралы" Заңында айыптыларды шықпыртатын айыппұл жазасы қарастырылмаған. Құр ескертуден кім ығады деп ойлайсыз? Сауатсыздықпен, жауапсыздықпен бұлай күрескеннен не ұтамыз, қандай пайда бар? Бұнымыз диірменмен соғысатын Дон Кихоттың керіне ұқсайды емес пе? Сондықтан заң талаптары күшейтілсе, немкетті ниеттегі тілбұзарлар естерін жияр ма еді! Тіл мәртебесі құрғақ сөз, қызылкеңірдек пафоспен көтерілмейтінін түсінуіміз керек!
 
-Сұқбатыңызға рахмет!
 
Сұқбаттасқан Алла Варчик,
 Физика-математикалық лицейінің
8 «В» сынып оқушысы
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓