Көгілдір отынның орны бөлек
Рудныйда 18-шағын ауданға қарасты Фролов, Космынина, Кирпичный көшелеріне көптен күткен табиғи газ келмек. Бүгінде қостанайлық «Межрайгаз» ЖШС жұмыскерлері газ тарату желілерін жер асты және жер үсті бойынша жүргізуде.
Жыл басында қала әкімі Бақытжан Ғаязовтың халықпен есептік кездесуінде осы көшенің тұрғындары одан көгілдер отын тартып беруді сұраған болатын. Өйткені орталықтандырылған жылуы жоқ үйлерді электрлік пештермен жылыту қымбат әрі қауіпті. Өтінішке құлақ асқан әкім сол күні-ақ 2017 жылы құжат жүзінде қолға алынып, алайда тұралап қалған газдандыру жобасын жандандырдыруға тапсырма берді. Ол үшін бюджеттен қажетті қаражаттың бөлінуіне ықпал етті.
–Газдандыру жобасының құны 31 миллион теңгені құрайды. Алғашқы транш – 13 миллион теңгесі шілде айында игерілді. Ал тамызда қалған қаражатты бөліп, құрылыс жұмыстарын аяқтауға жақындадық. Сәтін салса, қыркүйектің аяғына қарай осы аумақтағы 65 үйге табиғи газ тартылады, –дейді қалалық Құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Жәкенов.
Мердігер компания «Межрайгаздың» осы секілді жұмыстармен айналысып келе жатқанына 10 жылдан асты. Яғни тәжірибе жеткілікті. Осыған дейін облыс орталығы мен көптеген аудандарды көгілдір отынмен қарық қылған.
– Бүгінде жоспарланған 3600 метр құбырдың 3000 метрі төселді. Космынина, Кирпичный көшелерін қамтып, Фролов көшесінде жұмыстарды жалғастырып келеміз. Жер асты үшін 50 жылға дейін тозбайтын полиэтилен құбырларды пайдаландық. Нысанда бірнеше арнайы техника мен 8 маман жұмыс істеп тұр, – дейді «Межрайгаз» серіктестігінің директоры Абзал Жанғалиев.
Шағын аудан тұрғындары үшін газ тарату желілерінің құрылысы – үлкен істің бастамасы ғана. Енді олар көшедегі газды үйге жеткізіп, оны қосумен және қызмет көрсетумен айналысатын компанияны бірігіп таңдаулары тиіс. Бүгінде осы салада облыстың өзінде 40-қа тарта фирма жұмыс істейтіндігін айта кеткен жөн.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ