Аймақта қандай хабар бар?
Мамандар қатары толықты
Облыста. Биыл Қостанай облысына 123 дәрігер келді. Олардың көбі – терапевттер, эндокринологтар мен оташылар. Медициналық ЖОО бітіріп келгендері саны 113 болса, 10-ы – тәжірибелі дәрігерлер. Сондай-ақ, жыл соңына дейін аймақтың медициналық ұйымдарына әлі шамамен 100 шақты маман келеді. Оның сыртында 334 жұмыс орны бос күйінде қалмақ.
LED-экраннан көріңіз
Қостанай. Облыс орталығындағы сауда үйлерінің біріне ауаның ластану деңгейін көрсетіп тұратын LED-экран ілінеді. Бұған қалалық бақылау нысандары жинаған мәліметтер жарияланып отырады. Ауа сапасы туралы детальді сараптаманы әр он минут сайын көруге болады. Тұрғындар шаң-тозаң, күкірт, газ концентраттар деңгейін, оксид, азот диоксиді көлемі жайында ақпар ала алады.
Кәсіпкерден көмек
Қарабалық. Жергілікті кәсіпкер, «Алмаз» холдингі басшысы Геннадий Кригер аудандық ауруханаға 1,5 млн теңгеге қажетті құрылғылар сатып әперді. Атап айтқанда, тыныс алу аппаратына 980 мың теңге, оттегі концентратына 500 мың теңге және оттегі баллонына 220 мың теңге жұмсаған. Бұл сомаға аурухана қызметкерлері де 150 мың жинап қосқан.
Ойын алаңы салынды
Қостанай а. Жамбыл ауылында балалар ойын алаңы салынды. Ол орта мектеп алдына, жан-жағы қарағаймен қоршалған алаңқайға орнатылды. Бұл маңға әткеншектер, турник пен жаттығу құралдары, сондай-ақ 12 орындық қойылды. Сондықтан, бұл жер балалардың ермегіне ғана емес, олардың ата-аналарының демалуына да қолайлы. Алаң құрылысы мен аумақты абаттандыруға 3 млн теңге жұмсалған.
Төртеу түгел болса…
Амангелді. Аудан орталығында төрт бірдей шағын футбол алаңы бар. Төртіншісі 1 қыркүйекте, Білім күні қарсаңында ашылмақ. Демеуші – ауылдың жанашыр тұрғыны Серік Қанафин. Ол алаңға 25 млн теңге жұмсаған. Жалпы, соңғы үш жылда жергілікті кәсіпкерлер 100 млн теңгеге 8 спорт нысанын салып беріпті.
Жұмысшыларға – жаңа қоныс
Қарасу. Жалғысхан ауылы жаңа тұрғындарын күтіп отыр. «Журжа» ШҚ механизаторлар тұратын үйлер құрылысын аяқтауға жақын. Қожалық басшысы екі пәтерлі бірнеше ескі үйді сатып алған. Оларға бүгінде адам танымастай жөндеу жүргізілуде. Бір пәтерде үш балалы жас отбасы кіріп алған. Басқаларына да өзге елді мекендерден келген жұмысшылар қоныстанады.
Апаттан опат болды
Арқалық. «Ауди-89» көлігін тізгіндеген 44 жастағы жүргізуші Арқалық-Торғай тас жолында оқыс оқиғаға себепкер болды. Ол рөлге ие бола алмай қалып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан қарсы бетте келе жақан «Ауди А4» көлігіне соқтығысқан. 44-жастағы жүргізуші ауыр жарақан ауруханада көз жұмды. Ал екінші жүргізуші ауыр халде жатыр.