Дәстүрлі форматта оқиды

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар жаңа оқу жылында қандай форматта білім алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жұмыскерлердің вакцина алуы да ерекше маңызға ие болып, бұл жұмыс ары қарай жалғастырылады. Бұған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, үзілістер уақытын әр уақытқа белгілеп, «1 сынып – 1 кабинет» жүйесі жұмыс жасайды. Барлық бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның атап өтуінше, жоғарыда аталған шектеулерді сақтай отырып, балабақшалардағы 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылады. Өз кезегінде мектептер барлық 1 мен 11-сынып оқушыларына қатаң санитарлық шектеулерді сақтай отырып, оқытуды дәстүрлі форматта жүргізу, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін де дәстүрлі форматта оқыту ұсынылады.
«Әрине, ата-аналары немесе өздері коронавируспен ауыратын және денсаулығы бойынша тәуекел топтарға жататын білім алушыларға уақытша қашықтан оқыту форматымен білім алуды ұйымдастырамыз», – деді министр.
Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мәселелерін барынша тездетіп шешу қажет екенін айтты.
«Бүгін өте маңызды мәселені қарастырып отырмыз. Ол қазір әрбір отбасыны, барлық оқушылар мен студенттерді алаңдатып отыр. Биылғы оқу жылы денсаулық сақтау жүйесінің әзірлігі анағұрлым жақсы әрі халықты жаппай вакциналау жағдайында басталғалы отыр. Вакцина алған педагогтер жұмысқа кіріседі», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр білім беруді ұйымдастырудың неғұрлым қауіпсіз жүйесі мәселесі пысықталып жатқанын да баса айтты.
«Сондықтан білім берудің дәстүрлі форматына оралу туралы шешім қабылданды. Осыған орай оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажет»,- деді Асқар Мамин.
Айта кетейік, бұған дейін А.Аймағамбетов білім күнінде 1-сынып оқушыларына Әліппе салтанатты түрде табысталатынын айтқан еді. 
«1 қыркүйекте өтетін салтанатты шара дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде Әліппе табысталады. Ал 2-11 сынып оқушылары бекітілген кабинеттерге барып, тақырыптық сынып сағаттарына қатысады», – деді министр Үкімет отырысында.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓