Әуежай ауданы кеңейеді
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайының өткен жылғы жолаушылар тасымалы 162 мыңнан асып түскен. Бұл 2021 жылға қарағанда 28,5%-ға артық. Осы жөнінде аймақ әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев мәлімдеді.
«Келу залының сыйымдылығын арттыру, келген жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл аэровокзалаумағын 2445 шаршы метрге ұлғайту жоспарланып отыр.Сондай-ақ, әлемдік стандарттар мен ХААҰ (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) ұсынымдарына сәйкес жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жобада жолаушыларды жөнелтетін және келетін жолаушыларға телескопиялық баспалдақ орнату қарастырылған.Жоба бойынша келу залының технологиялық жабдықтарын ауыстыру, әуе кемелерін сүйретуге арналған аэродром тракторын сатып алу көзделген», – деді О.Нұрғалиев.
Қостанай әуежайынан «Fly Arystan», «Air Astana», «SKAT», «Qazaq Air», «Россия» әуе компаниялары Астанаға 4 облысаралық рейсті, Алматыға 1 рейсті және РФ астанасы Мәскеуге 1 халықаралық рейсті орындайды. Сонымен қатар, алыс шетелдер арасында Пхукетке, Шарм-эль-Шейх (тур пакет)халықаралық чартерлік рейстері қатынайды.
Басқарма басшысы сондай-ақ,2023 жылдың жазында Қостанайдан Шымкент пен Анталияға рейстерді жандандыруды жоспарланып отырғанын айтты.
Қыдырбек Қиысхан
Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ